Құрылыс кодексін сапалы әрі уақтылы әзірлеу керек – Әлихан Смайылов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға баса назар аудару қажет. Президенттің Сайлауалды бағдарламасына сәйкес, алдағы 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 15,3 млн шаршы метрін биыл аяқтауымыз қажет. Алайда, өткен жылдың нәтижесін алып қарайтын болсақ, өңірлерде тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендеп кеткені байқалады», - деді Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Осыған байланысты Үкімет басшысы министрлік бақылауды күшейтіп, жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз етуі тиістігін баса айтты. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар да өз тарапынан тиісті инфрақұрылым тарту мәселесін толығымен шешуі қажеттігін ескертті.

«Сонымен қатар, Үкіметке жаңа Құрылыс кодексін әзірлеу тапсырылды. Аталған құжатты сапалы және уақтылы әзірлеу керек. Өткен жылы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық желілерін салу және жаңғырту жұмыстарының арқасында олардың тозу деңгейі 51 пайыздан асқан жоқ. Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2029 жылдың соңына қарай 40 пайызға дейін төмендетуіміз керек», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар