Құрылатын интеграциялық бірлестіктер, экономикалық одақтар бір-біріне қарсы саясатта болмауы керек - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылатын интеграциялық бірлестіктер, экономикалық одақтар бір-біріне қарсы саясатта болмауы керек.

Бүгін Астанада өтіп жатқан VII Астана экономикалық форумы мен II Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Қазақстан қашанда «алдымен - экономика» саясатын ұстанып келеді. Осының арқасында біздің еліміз белсенді түрде даму үстінде. Қазақстан өткен 10 жылдық ішінде шапшаң дамып келе жатқан мемлекеттердің бестігіне енді», - деген Елбасы Н. Назарбаев, қазіргі таңда «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданғанын атап өтті.

«Біз елді тұтастай жаңғыртудың салмақты міндеттерін жүзеге асырудамыз. Біз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ұмтыламыз. Бұл қатардағы қарапайым міндет емес. Осындай ауқымды мақсатты біз ең алдымен көршілес мемлекеттермен тығыз интеграция аясында шешуге ұмтыламыз», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның өңірдегі мәселелерге ұдайы назар аударып отыратынын атап өтті. «Көрші мемлекеттерді артқа тастай дара өсуге ұмтылудың, олардағы хаос пен орнықсыздық салдарынан дамудың ақыры өңірдегі барлық мемлекеттерді тұрлаусыз етіп, оның зардабы әлемге де білінер еді. Сондықтан да, жаһандық экономикалық интеграцияға барынша жаңа, барынша тиімді әрі әділ архитектура қажет. Біз құрылатын интеграциялық бірлестіктердің, экономикалық одақтардың бір-бірімен қарама-қарсы болғанын қаламаймыз. Керісінше, олар бір-бірімен жемісті ынтымақтастық қатынаста болулары керек», - деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақты құру жұмысы аяқталып келе жатқанына тоқталып өтті. Президенттің айтуынша, бұл одақ әлемдегі 200-ге тарта өңірлік интеграциялық құрылымдар секілді мемлекеттердің бәсекеге қабілетті бірлестігі болып табылады.

«Бірнеше күннен соң, нақтырақ айтқанда, 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылады. Келісімнің маңызды элементтерінің бірі - қаржылық қызметтердің ортақ нарығын құру. Осыған орай, 2025 жылы Алматыда қаржы нарығын реттеудің мемлекетүстілік органы құрылатын болады. Жағымды инвестициялық климат, Исламдық қаржыландыруды одан әрі дамыту, Орталық Азиядағы бірқатар мемлекеттердің ортақ шекаралары секілді факторлар Алматы қаласының Жаңа жібек жолының қаржы орталығына айналуы сенімді негіз болып табылады. Бұл туралы жақында біз Шанхайда да айтқан едік», - деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар