«Құрық-Жетібай» автомобиль жолын күрделі жөндеуге қаржы қарастырылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық маңызы бар «Құрық-Жетібай» автомобиль жолын күрделі жөндеуге қаржы қарастырылатын болады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы жалпы құны 11,1 млрд теңгені құрайтын аталған автомобиль жолын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген еді. Алайда, еліміздің барлық өңірлерінде автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша толыққанды жұмыстар жүргізіліп жатқанын ескере отырып, бюджеттік қаражаттың шектеулілігіне байланысты бір уақытта барлық жобаларды іске асыру мүмкін болмады», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр аталған автожолдың транзиттің дамуына және жергілікті тұрғындардың қатынауына маңызы зор екендігін ескере отырып, жобаның іске асырылуын бастауға қаражат бөлу мәселесі биыл республикалық бюджетті нақтылау кезінде белгіленген тәртіппен қаралатындығын айтады.

«Күрделі жөндеу жүргізілгенге дейін осы автожолдың техникалық жай-күйі автожолдарды күтіп-ұстау ауқымында орындалатын жол-жөндеу жұмыстарының есебінен сақталатын болады», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, Сенат депутаттары сауалдарында «Құрық-Жетібай» тас жолы өңір тұрғындарының соңғы 15 жыл бойы көтеріп келген ең өзекті, күн тәртібінен түспейтін шешімін табуды талап ететін мәселелерінің бірі болып отырғандығын атап өтеді.

«Бұл жолды, халықаралық көлік дәлізі деуге де болады. Себебі еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыратын Құрық портына келетін жүктер, тап осы бағытта Ресей мен Өзбекстаннан тасымалданады. Егер, көрші елдерден келетін ірі жүк тасымалдары Ақтау қаласын айналмай, Жетібайдан тура жолмен Құрық портына қатынаса, 120 шақырымды үнемдейтіні анық. Құрық-Жетібай тас жолын күрделі жөндеу жобалық сметалық құжаты 2018 жылы әзірленген. Мемлекеттік сараптамасы бар», - деді сенаторлар.


Соңғы жаңалықтар