Құрық теңіз портында астық терминалы салынып жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Құрық портының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.

«Құрық Порты» ЖШС бас директоры Серік Ахметов облыс әкіміне порттың өндірістік қызметі, астық терминалының құрылысы туралы баяндама жасап, алдағы жоспарын бөлісті.

«2020 жылы Құрық портының аумағында астық терминалының құрылысы басталды. Жобаны «Кaspi grain way» ЖШС жүргізеді. Инвестор қаражаты есебінен құрылыс нысанына 6 млрд теңге жұмсалады. Жұмыстың алғашқы кезеңінде 40 адам уақытша жұмыспен қамтылады және нысан іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмысқа орналасады», – деді Серік Ахметов.

Бұл жоба Құрық портында дәнді және майлы дақылдарды ауыстырып тиеу бойынша заманауи астық терминалын құруға мүмкіндік береді.

Осылайша елдің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға және отандық шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен септігін тигізбек.

Жұмыс басталғанда қазақстандық және халықаралық астық компанияларының тәжірибесі ескеріліп, еуропалық өндірушілердің техникалық жабдықтары пайдаланылады.

Құрылыс жұмысы 2022 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар