Құрсақтағы сәбиден жеритін әйелдер қай өңірде көп

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан мен Астана қаласында әйелдер жиі түсік жасатады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы бала туу жасына жеткен 1000 әйелдің 91-і босанса, бала туатын жастағы 1000 әйелдің 15-і түсік жасатқан. Осыған байланысты кездейсоқ жүктіліктің алдын алу мәселесі барынша өзекті», - деді ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, елімізде бала тууға қабілетті жастағы әйелдердің 38 пайызы кездейсоқ жүктіліктен қорғалған. Осы ретте ол жүкті болуға қарсылығы бар әйелдерге дәрігерлер тарапынан контрацептивті препараттар берілетінін айтты.

«Дегенмен, өткен жылы жүкті болуға кері көрсетілімі бар 3 045 әйел жыныстан тыс ауыр аурулар есебіне алынды», - деді ол.

Л.Ақтаеваның дерегінше, Қостанай мен Маңғыстау облыстары жүктілікке қарсы препараттармен аз қамтылған. Ал Батыс Қазақстан мен Қарағанды облыстары мұндай препараттарды сатып алуға мүлдем аз қаражат бөлген.

«Ең жоғары түсік жиілігі Солтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласында», - деді вице-министр.

Ләззат Ақтаева сондай-ақ Қазақстанда ана өлім-жітіміне себеп болатын жайттарды атады.

Айта кетейік, бүгінгі алқа мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов науқасты ауруханаға жатқызудағы былықтарды ашық айтып берді. Жиында қазақстандық дәрігерлердің орташа жалақысы да айтылды.

Сондай-ақ ведомство басшысының пікірінше, өңірлерде дәрігерлер тапшылығын жою жергілікті атқарушы органдардың жұмысы.

Мәлім болғандай, елімізде емханаға тіркелмеген 1,4 миллионға жуық адам бар.

Жиын соңында мәжіліске жиналған денсаулық саласының басшылары, мамандар орындарынан тұрып, би биледі.

Соңғы жаңалықтар