Құрметтің бастамасымен Маңғыстауға көмек: Шөптің алғашқы легі жетті

None
None
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Шымкенттік Құрмет Талапқазы бастаған еріктілер Маңғыстаудағы қуаңшылықтан жұтаған елге арнап дайындаған көмектің алғашқы легін жеткізіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құрмет Талапқазының бастамасы талай жанды бейжай қалдырмағанын бұдан бұрын жазған едік. Әуелде талай адам іске асатынына күмәнмен қараған «Маңғыстауға шөп көмек» науқаны кең етек жайып келеді. Топ жетекшісі Құрмет Талапқазы 10 вагон шөпті Маңғыстауға өзі арнайы барып, жеткізіп берді. Енді бұл істің басы-қасындағы еріктілерді «бастамашыл топ» деп атаудың өзі дұрыс болмайтын сияқты. Өйткені бастама республикалық ауқымға шығып отыр. Оны бір аптадан бері Құрметтің қолын ұзартып, шөп жинау жұмыстарын ұйымдастырып жүрген талдықорғандық Мұратбек Солтанбай айтты. Қарапайым ауыл тұрғындарынан бөлек, ірі кәсіпорындар да байланысқа шығып, көмек ұсына бастаған көрінеді. Алматы облысының ауылдары «Сарыағаш жақта шөп бітсе, бізге келіңдер» деп дұғай сәлем жолдапты. Ал Шығыс Қазақстанның бір азаматы жалғыз өзі 10 вагон шөп басып беруге дайын екенін айтып, шақырған көрінеді. «Қостанайдағы трактор шығаратын «Еуразия-гурпп» компаниясының басшылары байланысқа шығып, Сарыағашқа бір тракторды шөп престейтін техникасымен бірге жібергендерін айтты. Қажет болса, басқа өңірлерге де жібереміз, қанша техника керек екенін айтыңдар деп отыр. Ол трактор күзге сендердің иеліктеріңде болсын деп қуантты», - дейді Мұратбек Солтанбай.

Сонымен Маңғыстауға 10 вагон шөп жетті. Бір ай бойы оңтүстіктегі ағайынның табан ет, маңдай терімен жиналған жемшөп маңғыстаулықтарға талан-таражға түспей үлестірілуі үшін жергілікті жұрт ішінен бірнеше жігіт іріктеліп, бақылау соларға жүктелген екен. Солардың бірі Мұханбет Боранбаев бір ғана Бейнеу ауданына қарасты Төлеп, Сыңғырлау, Тәжен, Ақжігіт, Сам, Ноғайты, Тұрыш, Сарға, Есет, Боранқұл елді мекендерінің ішіндегі санаулы мұқтаж жандарға таратылғанын айтады. «Әр отбасыға 10 текше үлестіргенде, 130-140 үйге берілді», - дейді ерікті.

Маңғыстауға жеткен 10 вагон шөптің алғашқы бесеуіне 1млн 975 мың теңге төлеген болатын. Кейінгі 5 вагонды тасымалдаушылар тегін ұсынған екен. Қазір еріктілер жинаған 10 вагон шөп өз кезегін күтіп отыр. 5 вагон шөп тиеліп қойғанымен, вагон иелері ақы сұрап отырған көрінеді. «Алғашқы 5 вагонның әрқайсысына 395 мыңнан төлеп жіберген едік. Кейінгілер тегін болады деп қуантқан. Екінші лек осылайша тегін жеткізілді. Ал үшінші лек кеше түнде шығып кетуі керек еді. Тасымалдаушылар айтқандарынан айнып, әр вагонға 500 мың теңге төлеңіздер деп отыр. Оның үстіне шөп тиелген вагондардың қаңтарылып тұрғаны үшін әр вагонға өсімпұл төлеу керек екен. Басында тегін болады дегенге сеніп, тиеп тастаған едік. Енді жердегі 5 вагон шөпті тиетуден қорқып отырмыз. Тәп-тәуір басталған іс осылайша кедергіге тап болды», - дейді осы істе жастарға бас-көз болып, бағыт сілтеп жүрген Сайлаубай қажы Мейірбеков.

Құрмет Талапқазы бұған бола туын түсірмейтінін айтты. «Қарапайым халықтың бір-біріне деген жанашырлығын көріп тұрып, орта жолдан қайтпаймын. Тіпті сонау Ресей мен Монғолияның қазақтары хабарласып, көмек ұсынып жатыр. Бұл жұмыс Сарыағашпен ғана тоқталмайды. Бұйырса, Алматы облысына, кейін Шығыс Қазақстанға көшіп, сол жақтан жемшөп жинаймыз. Орал жақтан да шақырып жатқандар бар. Қар түскенше тыным таппаймыз деп шештік. Өйткені жұтаған малға әлі көп азық жинау керек. Маңғыстауды біршама қамдасақ, Қызылорда облысының Арал ауданына да көмектескіміз келеді», - дейді Құрмет Талапқазы.


Соңғы жаңалықтар