Құрманғазының 200 жылдығы: Оралда 1500 адам күй тартады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда Құрманғазының 200 жылдығына орай үш бірдей ірі шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсентегінің айтуынша, 19 қыркүйек күні сағат 18.00-де Қазақстанның Тұңғыш Президенті алаңында 1500 адам «Нағыз қазақ - домбыра» атты шара барысында бір мезгілде Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерін тартады.

Бұлардың 700-і облыс аудандарынан, қалғаны қаладан жиналады. Орындаушылардың арасында оқушылар, қарапайым тұрғындар, түрлі мамандық иелері болады. Барлық еріктілер алдын ала жазыла алады. Олар алдымен 18 қыркүйек күні алаңға келіп, дайындалады.

Екінші шара - «Ұлы дала мұрасы» атты республикалық домбырашылар байқауы. 18 қыркүйек күні Жастар мәдениет үйінде өтетін күй додасына қазірдің өзінде жиырмаға жуық үміткер қатысуға тілек білдіріп отыр. Оған Ермек Қазиев, Айтжан Тоқтаған, Орынбай Дүйсенов, Айгүл Үлкенбаева сынды өнер майталмандары қазылық етеді.

Сонымен қатар 19 қыркүйек күні Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жаһандану әлемі - Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Мұның бәрі күй атасы Құрманғазының бай мұрасын насихаттау, өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді анықтай түсу, халықты, әсіресе, жеткіншек жастарды ұлттық музыка туындыларымен сусындату мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар