«Құрманғазы» операсы концерттік қойылым форматында ұсынылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 қаңтарда Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» атты концерттік операсын тарту етеді. Бұл туралы елорданың Мәдениет және спорт басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрманғазы» концерттік операсында орындайтын партиялар: Құрманғазы - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Әуес - Шахризада Тыныштық, Алқа - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Перовский - Алтынбек Әбілдә, Ақбай - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Бердібай.

Сонымен қатар, атылмыш өнер туындысына Камералық хор (көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова), Симфониялық оркестр (Бас дирижері Ернар Нұртазин), Эстрадалық би ансамблі (көркемдік жетекшісі Лаура Мұқаева) қатысады. Режиссері - Асхат Қошаев.

Концерт «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында өткізіледі. Премьера «Астана» концерт залында сағат 18:00-де басталады.

Қазақ музыка өнерінің гималайы, саз әлемінің сардары - Ахмет Қуанұлы Жұбанов, Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерін оркестрге түсіріп орындатқан алғашқы композитор. 1951 жылдан бастап Ахмет Жұбанов Құрманғазы туралы мұрағат деректерін жинауға кіріседі. Қазақстандағы мұрағаттардан, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларындағы көпшілік кітапханалардан Құрманғазы туралы деректерді тауып, олардың бірқатарын баспасөз беттеріне жариялайды. Кейін Құрманғазы жайында еңбек жазады. Оның көп жылғы ізденісі, толғанысы «Құрманғазы» операсының жазылуына жол ашады. Бүгінде аталмыш ауқымды дүние өнердің заңғарына айналып отыр. Бұл өміршең шығармада күйші Құрманғазының ауыр тағдыры, өмір белестері, шығармашылық жолы суреттеледі.

Соңғы жаңалықтар