Құрманғазы баба ізімен сапарға шыққан экспедиция мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы аясында халықаралық ғылыми экспедиция сапарын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейінің директоры, экспедиция жетекшісі Мирболат Ерсаевтың айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес Құрманғазының 200 жылдығына орай жолға шыққан экспедиция Қаратөбе, Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарының жерлерін басып өтіп, күй атасы жерленген Астрахан облысы Володар ауданындағы Алтынжар ауылына маңдай тіреді.

«Күй атасы - Құрманғазы бабамыздың ізімен жорттық. Рухани байыдық. Ел ағаларынан өрелі сөз естідік. Күй шежіресі тереңде екен. Ер тағдыры - ел тағдыры. Жорық барысында кездескен талай адаммен тілдесіп, ұсыныс-пікірлерін көкейімізге түйдік. Әсіресе, Астрахандағы Құрманғазы атындағы мәдениет орталығының директоры Амангелді Ғинаятұлының жарқын көңілінен айналдық. Ақ Жайықта басталған жорықты абыроймен аяқтадық. Туымызды биікте желбіреттік. Жүрегіміз елжіреп, рухани жаңғырып келеміз», - деді М.Ерсаев.
null

Экспедиция мүшесі, ақын-ұстаз Дариға Мұштанованың айтуынша, Құрманғазы жүрген жерлер әлі күнге дейін сайрап жатыр. Мысалы, Жаңақала ауданында Фокей елді мекенінде Құрманғазы мен орыс жазушысы, күй атасы туралы аса құнды деректер қалдырған Никита Савичевтің кездескені белгілі. Топай, Ләуішкен көлдері, Құрманғазы құрағы, Сағырбай тапауы, домбырашы Аршан, Төлеген қыстаулары - бәрі осы жерде. Сосын Қазталов ауданы Көктерек ауылдық округі аумағындағы Құрманғазы баба тұрған сай бар. «Нарсойған»  сайында тал-теректер отырғызылды. Содан кейін экспедиция Жиделі құмын жарып өтіп, Астрахан аумағына бет алды. Күйші Сейтектің бейітінде, атақты Бату сарайында болып, Алтынжарда қандас ағайындармен кездесті. Жүрген жерлердің бәрінде ағыл-тегіл сыр шертіліп, күй қалықтады.


null

«Экспедиция кезінде ел тарихын жақсы білетін адамдардың сөзіне құлақ түріп, көңілге түйдік. Құрманғазы мен оның ұстазы Ұзақ күйшіге, басқа да тарихи тұлғаларға байланысты тың деректер жинастырдық. Осының бәрін ғылыми түрде қорытып, зерделесе, жаңа дүниенің жарыққа шығатын түрі бар», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Д.Мұштанова.

null

Соңғы жаңалықтар