Құрманғазы атындағы оркестр Бейжіңде концерт береді

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Қытай астанасында Ұлттық орындау өнері орталығы (ҰОӨО, Үлкен ұлттық театр) сахнасында «Ұлы дала сазы» атты концерт береді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі ҰОӨО әкімшілігіне сілтеме жасап.

Қазақ оркестрі 5 желтоқсанда «Әлемдік музыка топтамасы» жобасы аясында өнер көрсетеді. Концерттік бағдарламада қазақ және шетелдік композиторлардың - Құрманғазы, Түркеш, Н.Тілендиев, Дәулеткерей, Абай, Моцарт, Брамса және тағы басқалардың туындылары көрерменге паш етілмек. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Батыржан Мықтыбаев пен Фархат Кубиев, халықаралық конкурс лауреаттары – Айзада Қапонова, Ардақ Итекеева, Руслан Баймұхатов және Әділ Ерболат өнер көрсетеді.

ҰОӨО халықаралық ынтымақтастық бөлімінің менеджері Гао Жуйсюэ «ҚазАқпарат» ХАА-ға берген сұхбатында «Әлемдік музыка топтамасы» жобасын 2010 жылы Ұлттық орындау өнері орталығының бастамашылық еткенін хабарлады. Оның аясында 50 елдің шығармашылық ұжымының қатысуымен 120 көрініс қойылды.

Бейжіңдегі Құрманғазы оркестрінің концерті Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілігінің қолдауымен өтеді.

Үлкен ұлттық театр деп аталатын Ұлттық орындау өнері орталығы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңына және Халық жиналысы үйіне жақын дерге орналасқан. Театрдың үш негізгі залына 6,5 мың көрермен сыяды.

Авторы: Руслан Сүлейменов

Соңғы жаңалықтар