Құрлықтық хоккей лигасында «Барыс» ресейлік «Торпедоға» есе жіберді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Торпедо» (Нижний Новгород) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейінгі он кездесудің алтауында қазақстандық клуб жеңіске жетті.

Кездесу барысында ресейлік клуб ойын басынан тізгінді қолға алуға тырысты. Жинақы қимыл көрсетіп, тезірек есеп ашу мүмкіндігін іздеді.

Нәтижесінде 11-минутта «Торпедо» хоккейшісі Игорь Ларионов есеп ашты. Бұдан кейін елордалық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Алайда таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Екінші кезеңде қос команданың да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Алайда аталған мүмкіндіктер голға айнала қойған жоқ.

Үшінші кезеңнің 45-минутында Егор Петухов таразы басын теңестірсе, 57-минутта Николай Коваленко «Торпедоны» қайтадан алға шығарды.

Ал 58-минутта Деннис Ян мергендік танытып, ресейлік клуб 3:1 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» келесі ойынын 8 қазанда Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізеді.

Қазір турнир кестесінде он төрт ойыннан кейін 15 ұпайға қол жеткізген «Барыс» 13-орында келе жатқан болатын.

Ал, он үш ойыннан кейін 17 ұпай жинаған «Торпедо» 10-орынға жайғасқан.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Нефтехимиктен» жеңілген.


Соңғы жаңалықтар