Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» Ресейде «Спартактан» басым түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Ресейде «Спартак» (Мәскеу) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда бұған дейін 27 мәрте кездесті. Оның 10-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.

Бүгінгі кездесуді мәскеулік хоккейшілер белсенді бастады. Нәтижесінде 4-минутта олардың қатарынан Захар Арзамасцев мергендік танытты. Бұл кезеңде елордалық клубтан Нельсон Ножье мен Михаил Григорьев дөрекі мінез крсетіп, екі минуттық айыппен жазаланды.

Екінші кезеңде «Спартак» сапынан екі хоккейші осындай жазаға тартылды. Дегенмен оны қазақстандық клуб өз пайдасына жарата алған жоқ.

Үшінші кезеңде ойын басынан «Барыстың» басымдығы байқалды. Алдымен 40-минутта Джереми Бракко таразы басын теңестірсе, 45-минутта Аркадмй Шестаков елордалық клубты алға шығарды. Ал 53-минутта Егор Петухов жеңіс шайбасын соқты.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» алдағы екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 2 қазанда «Сочи» командасын қабылдаса, 4 қазанда «Нефтехимикпен» шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Ресейде «Локомотивтен» басым түсті.



Соңғы жаңалықтар