Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» елордада «Ак Барсқа» есе жіберді
Кездесу барысында ресейлік хоккейшілер сәтті ойын өткізді. Бірінші кезеңде олардың қатарынан Кристиан Хенкель 4-минутта есеп ашса, 5-минутта Дмитрий Кагарлицкий есепті үстемелей түсті.
Оған елордалық клубтан Якуб Бертлунд 6-минутта бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде ресейлік клубтан Николай Коваленко - 23, Кирилл Панюков - 27, Денис Зарипов 31-минуттарда мергендік танытса, 38-минутта Дмитрий Кагарлицкий аталған кездесудегі екінші шайбасын соқты.
Ал «Барыс» сапынан Валерий Орехов 30-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Үшінші кезеңде елордалық Егор Шалапов 41-минутта шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты.
Десе де, бұдан кейін таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Кездесуде «Барыс» қарсыласынан 3:6 есебімен жеңілді.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 13 қазанда Реесйде «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» қатарынан екінші рет жеңіске жеткен болатын.