Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» биыл алғаш рет жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін, 8 қыркүйекте құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында елордада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда бүгінге дейін 40 мәрте шеберлік байқасты. Оның 2-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.

Айта кетерлігі, елордалық клуб аталған командамен өткізген соңғы төрт кездесудің үшеуінде қарсыласынан басым түсті.

Осындай сәтті ойындар бүгін де жалғасты. Ойынның алғашқы минутынан елордалық хоккейшілер қарсыластар қақпасы маңында бой көрсетті.

Нәтижесінде 1-минутта Кёртис Валк мергендік танытты. Одан кейін 5-минутта Әлихан Әсетов есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңнің 22-минутында қазақстандық Аркадий Шестаков басымдықты арттырды. «Амур» сапынан Глеб Зырянов арада небәрі 17 cекунд өткенде есеп айырмасын қысқартты.

Ресейлік Владимир Галузин 59-минутта гол соқты. Десе де бұдан кейін «Амурдың» таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болған жоқ.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:2 еесбімен басым түсті.

Енді «Барыс» 11 қыркүйекте елордада Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) командасын қабылдайды.

Еске салсақ, алғашқы ойынында 3 қыркүйекте «Барыс» елордада Ресейдің «Салават Юлаев» клубына 1:5 есебімен есе жіберді.

Одан кейін елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) клубына 1:2 есебімен жеңілді.


Соңғы жаңалықтар