Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Ақтаудағы екі сарбаздың өліміне қатысты өз пікірін білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтаудағы екі сарбаздың өлімі ақылға қонымсыз әрі біртүрлі түсініксіз оқиға болды. Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев осылай мәлім етті.

«Бұл өте бір жайсыз жағдай болды. Екі сарбаз - екеуі дос болған. Қазір оқиға тергеу сатысында. Мен соған орай, алдын ала ешқандай да баға бергім келмейді. Дегенмен, бұл ешкім күтпеген түсініксіз әрі бір түрлі ақылға сыймайтын оқиға болып отыр», -деді М. Мәйкеев.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда жұма күні өлі күйінде табылған екі сарбаз осындағы №25744 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет атқарғаны белгілі болған. «Өрт шыққан пәтерден табылған әскери қызметкерлердің денелерінде қасақана өлтірілгенін дәлелдейтін белгілер бар. Бұл іспен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері айналысып жатыр. Барлық материалдар соларда» деген болатын Ақтау гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Қасен Рахматуллин. Облыстық ішкі істер департаменті әзірге бұл оқиғаға қатысты ешқандай ақпарат берген жоқ. 2 мамыр күні кешке қарай Ақтаудағы 4-шағын аудандағы пәтерлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқаған тұрғындар хабар берген. Пәтерден екі ер адамның мәйіті табылған. Көршілердің айтуынша, бұл пәтерде келісімшарт негізінде әскери қызмет атқаратын екі жігіт жалдап тұрған.

Соңғы жаңалықтар