Құрғақшылықтан зардап шеккен облыстарда келер жылы астық тұқымын себу проблема туындатуы мүмкін

None
None
АСТАНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Құрғақшылықтан зардап шеккен облыстарда келер жылы астық тұқымын себу күрделі жағдай туындатуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісі барысында аталған ведомствоның Жер шаруашылығы және фитосанитариялық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Буць мәлім етті.

Оның келтірген деректеріне қарағанда, қазірдің өзінде келесі жылы Ақтөбе облысында 78 мың, ал Батыс Қазақстан облысында 24 мың тонна бидай тұқымы жетпей қалу мүмкіндігі күтіліп отыр. Оған ағымдағы жылғы жаздың құрғақ әрі аптап ыстық болуы негізгі себеп ретінде аталуда. Өйткені осы жылы аталған екі облыстың егістік алқабының 70 пайызға жуығы күйіп кеткен еді.

Дегенмен А.Буцьтің пікірінше, астық өнімділігінің төмендігіне құрғақшылықпен қатар нақты тұқымдық саясаттың болмауы, пісіп-жетілу мерзімі бойынша сұрыптарды пайдаланудың ғылыми негізделген нормаларының сақталмауы да өз әсерін тигізген. Осыған орай ол облысаралық, аудандарлық, сондай-ақ шаруашылықаралық айырбас есебінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді тұқыммен қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін баса айтты.

Сонымен қатар А.Буць «мемлекет тарапынан құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге жеткізу үшін шамамен 70 мың тонна қосымша тұқым сатып алу арқылы мемлекеттік ресурсты толықтыру бойынша шара қабылданатын болады», деді.

Соңғы жаңалықтар