15:51, 14 Қыркүйек 2019 | GMT +6
Күрестен әлем чемпионаты: Қос балуанымыз жартылай финалға шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда төрінде өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақтың қос балуаны жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін грек-рим күресінен 55, 63, 72 және 82 келі салмақтағы балуандар кілемге шықты. Қазақ балуандарының арасынан алғаш болып кілемге шыққан 72 келідегі Демеу Жадыраев бірінші белдесуінде жеңіске жеткен болатын. Өкінішке қарай, 2-ші кездесуінде германиялық қарсыласына 4:3 есебімен есе жіберді. Ал 63 келіде бақ сынайтын Алмат Кебіспаев алғашқы кездесуде үндістандық қарсыласын, екінші белдесуде қытайлық Ербату Туоны жеңсе, үшінші айналымда түркиялық қарсыласын 7:4 есебімен ұтып, әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.
82 келі салмақта сынға түсіп жатқан Мақсат Ережепов 2-ші кездесуінде беларусьтік қарсыласын (Виктар Сасуновский) 2:1 есебімен жеңді. Үшінші кездесуінде жарақат алып, әзербайжан спортшысына жол берді.
Ал 55 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан Қорлан Жақанша бірінші айналымда алжирлік Фергат Абделькаримді ұтса, ширек финалдық кездесуде де қарсыласынан айласын асырып, әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.