Күрес түрлерінен ӘЧ: Нұрғожа Қайпанов финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық Әлем чемпионатында еркін күрестен қазақстандық балуан Нұрғожа Қайпанов финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

70 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан балуанымыз Н.Қайпанов жартылай финалда ирандық балуан Йонес Эмамичогайды 7:6 есебімен ұтты. Енді ол ертең әлем чемпионатының алтын жүлдесіне таласады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл еркін күрес шеберлерінен финалға шыққан екінші балуан. Осыған дейін, яғни 19 қыркүйек күні 65 келі салмақта Дәулет Ниязбеков Олимпиада жолдамасын алып қана қоймай, жартылай финалда қарсыласын қапы қалдырып, финалға өткен болатын.

Осылайша еркін күрес шеберлерінен екі балуанымыз әлем біріншілігінің «алтын» медалына таласу мүмкіндігіне ие болды. Ал, Д.Ниязбеков бүгін кешкі сессияда белдесуге шығады.

Сондай-ақ, 74 келідегі Данияр Қайсанов жұбаныш белдесуіне қатысуға мүмкіндік алды. Данияр жартылай финалда әлем чемпионы италиялық Франк Чемизодан 0:3 есебімен ұтылған болатын. Бағына қарай қарсыласы финалға дейін сүрінбей жетті. Нәтижесінде Қайсановқа ертең өтетін жұбаныш белдесулеріне қатысып, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік туып отыр.

Соңғы жаңалықтар