Күрес: Қыздарға сенім жетіспейді - Қазақстан құрамасының бас бапкері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 22-26 мамыр күндері Италияның Сассари қаласында әйелдер күресінен «Sassari City Matteo Pellicone Memorial» халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды olympic.kz.

Әйелдер күресінен Қазақстан командасы аталған рейтингілік додаға қызу дайындық үстінде. Құрама бас бапкері Нұрлан Аманқосов Азия чемпионатынан кейінгі команданың жай-күйімен таныстырып, алдағы жарыстарға қатысты болжамымен бөлісті.

"Әйелдер күресінен Қазақстан командасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Қытайдағы құрлық чемпионатынан соң қыздарымыз Италиядағы турнирге аттанбақшы. Сассари қаласында өтетін рейтингілік бәсеке біз үшін маңызды жарыстар қатарында. Өйткені, өз жерімізде жалауы желбірейтін әлем чемпионатына дейін өтетін үш ірі турнирдің бірі осы Сассаридегі сайыс. Сондықтан, балуан қыздарымыз барын салады деп үміттеніп отырмыз", - дейді бас бапкер. null

Қытайдағы құрлық додасынан қыздарымыз қоламен ғана оралды. Бас жаттықтырушы алтынсыз қалудың себебін түсіндіріп, қателіктермен жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Азияда алтынсыз қалғанымыз бәріміздің өзегімізді өртейді. Қыздарға не жетпеді? Бірінші кезекте, өздеріне деген сенімі аз болды. Балуан өз күшіне сенгенде ғана жеңімпаз атанады. Біздің комнаданың басты қателігі де осында. Енді сол кемшіліктердің орнын толтыруға тырысып жатырмыз. Барлық ынта-зейінімізбен дайындыққа кірісіп кеттік. Азия біріншілігі Айна Теміртасова сынды талантты спортшының жұлдызын жақты. Жәмила Бақбергенова да құрлық жеңімпазын ұтып, көңілге сенім ұялатып отыр. Тәжірибелі спортшыларымыз да жаман емес», - дейді ол.

Әйелдер күресінен Қазақстан командасы Сассаридегі турнирден бөлек, Түркияда өтетін Яшар Догу додасына және Польшада ұйымдастырылатын халықаралық жарысқа қатысады. Сондай-ақ, ұлттық құрама спортшыларын бірлескен оқу-жаттығу жиындары да күтіп тұр. Атап айтар болсақ, 6-20 маусым аралығында Польшада Финляндия, Чехия, Ресей құрамаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Ал әлем чемпионаты қарсаңында балуан қыздарымыз Ресейдің Сочи қаласында дайындығын пысықтайды. null

Италиядағы «Sassari City Matteo Pellicone Memorial» турниріне қатысатын Қазақстан командасының құрамы:

50 келі: Валентина Исламова

53 келі: Татьяна Ахметова

55 келі: Марина Седнева

57 келі: Эмма Тисина

59 келі: Мәдина Бақбергенова

62 келі: Аяулым Қасымова

65 келі: Айна Теміртасова

68 келі: Ирина Казюлина

72 келі: Жәмила Бақбергенова

75 келі: Эльмира Сыздықова, Гүлмарал Еркебаева

Ұлттық құрама үздіктерінің бірі Жұлдыз Ешімова жарақатына байланысты жарысқа қатыспайды. Ол Түркиядағы Яшар Догу турнирінде күреседі деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар