Күрделі кезеңде азаматтарымыз қазақ халқын қолдауға жұмылды - Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат «Egemen Qazaqstan» АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Қыдырәлі Қырғыз Республикасының Президентімен сұхбаттасқан еді. ҚазАқпарат оқырман назарына сұхбаттың толық мәтінін ұсынады. ***

– Құрметті Садыр Нұрғожа­ұлы, ең әуелі біздің газетімізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

– Сұхбатымызды бастамас бұ­рын, соңғы қайғылы оқиға­ларды үлкен өкінішпен қабылда­ға­нымызды және қаза болғандардың қайғысына ортақтаса отырып, бауырлас елге көңіл айтқым келеді. Бұл – бәрімізге ортақ орны толмас ауыр қайғы.

Өздеріңіз білетіндей, Қыр­ғызстан Қазақстан Республи­ка­сының Президенті, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­­тың ішкі саяси ахуалды тұ­рақ­тандыру үшін жасаған жігер­лі қадамдары мен Қазақ­стан­ға қарсы жоспарланған терро­ристік агрессияға тойтарыс бе­рудегі батыл шараларын қол­дады. Біз бұл күресте қол ұшын созуымыз керегіне бір ми­нут та күмәнданбадық. ҰҚШҰ бі­тімгерлік контингенті құрамында өз өкілдерімізді жібердік. Қазақ­стан билігі адамдардың өлі­міне және билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіп­сіз­діктерді ұйымдастыруға кінәлі адамдарды тауып, жауап­кер­шілікке тартатынына сенімдімін. Сондай-ақ тексеру кезінде кінәсіз азаматтар зардап шекпеуге тиіс.

Бұл күрделі кезеңде біздің аза­маттық қоғам тыс қалмай, ынты­мақтастық танытып, Қазақстан халқын қолдауға жұмылды. Во­лонтерлер жағдайға байланыс­ты «Манас» әуежайына алдын ала жоспарсыз келіп қонған қазақстандықтарды күтіп алып, орналастырып, тамақтандырып, Қордай ауылына дейін жеткізуге көмектесті. Бауырлас екі ел ара­сын­дағы осы бір адамгершілік пен бір-біріне көмек қолын созуға даярлық рухы қатты қуантады.

Былтыр Түркі кеңесінің кезекті саммиті өтіп, сол отырыста бұл құрылым Түркі мем­лекеттері ұйымы болып жа­рияланғаны белгілі. Бауырлас елдердің өкілдері бас қосқан жиында Сіз де болдыңыз. Жалпы, соңғы уақытта Орталық Азия­ның, бүкіл түркі әлемінің ынты­мағы артып келеді. Өзбек­стан мен Қазақстан одақтас­тық қатынастар туралы Дек­ла­рацияны қабылдады. Сондай-ақ, Қырғызстанмен де осындай құжатқа және Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылғаны белгілі. Келешекте Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қалай өрбиді?

– Қырғызстан Қазақстан Президенті Қ.То­қаев­тың қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайту жөніндегі дос­тық бағытын құп көреді. 2021 жыл­ғы наурыздағы кездесуі­міз­де Қ.Тоқаев Қазақстан Қырғыз­стан­ды одақтас ретінде ғана емес, бауырлас мемлекет ретінде қарас­тыратынын, қырғыз халқын әрдайым қолдауға дайын екенін жеткізген. Біз мұны бағалаймыз! Шын мәнінде, біздің бауырлас халықтарымыз әрқашан достық пен келісімде өмір сүрді, әсіресе қиын кезеңдерде бір-біріне көмек қолын соза білді. Қырғыздар қазақтармен бұдан кейін де дәл осылай өмір сүруге және бола­шаққа бірге қадам басуға ниетті! Биыл 2022 жылы Тәуелсіз Қыр­ғызстан мен Қазақстан арасында дипломатиялық қаты­нас­тардың орнағанына отыз жыл толады. Осыған орай, біз Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Қ.То­қаевтың жауапты сапармен Қыр­ғыз­станға келуін күтеміз. Бұл оқи­ғаға шын жүректен қуанар едік!

Мемлекетаралық қарым-қа­тынасымыз тату көрші, одақтас және стратегиялық әріптес рухында сенімді дамып келеді. Сондықтан менің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарым жайлы атмосферада өткенін және көпғасырлық көршілер ара­сындағы сенімді қарым-қаты­насты одан әрі нығайтуға сеп болғанын атап өткен жөн. Сол келіссөздерде саяси диалог барлық коммуникация деңгейінде, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық, парламентаралық және үкімет­аралық кеңестер сияқты қол­да­ныстағы тетіктер арқылы тұ­рақты түрде қолдау табады деген пікір бірауыздан айтылды. Барлық деңгейдегі, соның ішінде экономикалық, гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықтың белсенді да­му қарқыны жалғаса бермек. Ел­деріміз Таяу Шығыс пен Ау­ған­стандағы белгілі оқиғаларға, сондай-ақ қоғамдық денсаулық пен экономикаға елеулі нұқсан келтірген пандемияға байланыс­ты жаңа қауіп-қатерлерге бір­лесіп қарсы тұрады. Келесі жылы Қырғызстан мен Қазақстан ынтымақтастықтың кешенді бағ­дарламасын жүзеге асыруды аяқтайды. Биыл Қазақстанда Қырғызстанның мәдениет күндері өтеді, бұл бауырлас халықтардың рухани және мәдени бірлігін одан әрі арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Біздің өңірлік немесе жаһандық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымымыз бір немесе көп жағдайда ұқсас болып келеді. Біз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ, ТМҰ секіл­ді халықаралық, өңірлік және инте­грациялық ұйымдар шеңберінде өзара тығыз әрекет етеміз және бір-бірімізге қолдау білдіреміз.

Кезінде Қырғызстан Орта­лық Азия мемлекеттері басшы­лары­ның алғашқы кон­суль­тативтік кездесуін Қазақстанда өткізуді қолдады. Биыл 2022 жылдың жазында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының төртінші кон­суль­­тативтік кездесуін өткізуге да­йын­далып жатқанымызды айта кетейін.

Алдағы бір-екі жылда Қыр­ғызстан мен Қазақстан арасын­дағы стратегиялық әріптестіктің дамуы сапалы жаңа деңгейге көтеріліп, шын мәнінде бірегейлік үлгісіне айналатынына сенемін. Қырғыз Республикасы бұл үшін бар күшін салады!

– Қазақстан – Қырғыз­­стан­ның ең ірі сауда серік­тес­терінің бірі және негізгі инвес­торларының қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қазақстан 1 мил­лиард АҚШ долларынан ас­там қаражат құйған екен. Өзара сауда байланысын күшейту үшін шекара бе­кеттерінің тауар өткізу жылдам­дығын арттыру мақсатында түрлі жұмыс атқарылып жатыр. Екі мемлекет арасындағы тауар алмасу қар­қыны қа­лай? Қазақстан нары­ғы қыр­ғыз кәсіпкерлерін несі­мен қызық­тырады? Ал қазақ­стандық инвесторлар Қырғыз­станда қай салаларға қаражат құяды?

– Көршілерімізбен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру – біздің сыртқы эконо­микалық саясатымыздың басым бөлігі. Қырғызстанды экономикасы қуатты және нарығы кең елдер қоршап жатыр. Ол, ең алдымен, Қытай, Қазақстан және Өзбекстан. Әрине, бұл берілген артықшылық көпмақсатты сауда-инвестициялық ынтымақтастық орнату үшін мүмкіндік берері сөзсіз. Қазақстан – біздің негіз­гі сыртқы экономикалық әріптес­теріміздің бірі. Пандемия бас­талғаннан кейін былтыр алғаш рет екіжақты сауда көлемінің өсуі (900 млн АҚШ доллары) мен тікелей қазақ инвестицияларының артуы (38,7 млн АҚШ доллары) тіркелді.

Бүгінде Қырғызстандағы қа­зақстандық бизнес қаржы-банк секторында, кен өндіру саласын­да, тамақ индустриясында, сауда және қызмет көрсету, коммуни­кация және байланыс салаларында жұмыс істейді. Сапар барысында ұйымдастырылған қырғыз-қазақ бизнес-форумында Қазақстанның ірі бизнес басшыларымен кездесіп, оларды Қыр­ғызстанның гидроэнергетика, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, туризм және басқа да сала­лар­ындағы тиімді жобаларға белсенді инвестиция салуға шақыруға мүм­кіндік алдым.

Бұл ретте, жалпы, сауда мен экономикадағы қолда бар әлеует пен мүмкіндіктер әлі де толық пайдаланылмағанын атап өту керек. Осыған байланысты былтыр сәуірде Қордай ауылында өткен Қырғыз-Қазақстан үкіметаралық кеңесінің 9-ншы отырысы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің, оның ішінде инвес­ти­циялық, шекара маңы мен өңір­аралық ынтымақтастықты жан­дандырудың ортақ жолдарын қарастырды. Мәселен, сау­даны жандандыру үшін бірін­ші өңіраралық форум өткізіліп, Қыр­ғызстанның Шу және Ыстық­көл облыстарында көтерме-тара­ту орталықтарының, индус­трия­лық сауда-логистикалық кешен­нің және «Алматы – Біш­кек» экономикалық дәлізінің меди­циналық референс-зертхана­ларының құрылысы жүзеге асырылады. Жаңғыртылған «Ақ-Жол-Қордай» шекаралық өткізу пункті ашылды. Ендігі кезекте «Ақ-Тілек – Қарасу» бақылау-өткізу пунк­­тін жаңғырту тұр. Одан бөлек, үкімет басшыларының орынба­сар­лары деңгейінде кедергі­лерді реттеумен айналысатын және сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тықтың перспективалық бағыт­тарын айқындайтын жұмыс тобы құрылды. Жақын арада өзара тиімді жаңа жобаларды қамтитын екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті іске асырылатын болады.

– Қазақстан мен Қырғыз­стан арасындағы қарым-қаты­нас жоғары деңгейде дамып келеді. Қазақстан Үкіметінің бас­шысы іссапармен келіп кетті. Сол сапарда көптеген келі­сімге қол қойылды. Осы­ған байланысты өзара ше­шіл­ме­ген тағы қандай мәсе­ле­лер бар деп есептейсіз?

– Менің ойымша, Қырғызстан мен Қазақстан арасында шешіл­меген не шешілмейтін мәселе жоқ және болмауға да тиіс. Елдердің екіжақты күн тәртібіндегі мәсе­лелер бойынша көзқарастары мен пайымдары әртүрлі болады және бұл қалыпты жағдай. Біз тең сөйлейміз, бір-бірімізді тыңдаймыз және өзара қолайлы шешімдер табамыз.

Мәселен, вакциналау бас­тал­ғаннан бері Қырғызстанда коронавирусқа байланысты эпи­де­миялық ахуал тұрақтанды. Осы­ған байланысты біз қазір Қазақ­станға жерүсті жолымен өтетін қырғыз транзиттік жүк тасы­малдаушылары мен азаматтары­на шектеулерді алып тастау мақ­сатында Қазақстан билігімен келіс­сөздер жүргізіп жатырмыз. Вакциналау сертификаты мен ПТР-тесттің болуы Қазақстанға кедергісіз кіру үшін жеткілікті бо­луы керек деп санаймыз. Менің ойымша, Қырғызстан мен Қазақстан арасында ешқандай кедергі болмауы керек – мейлі ол шартты не нақты болсын.

Мен қолымыздан бәрі ке­ле­тініне сенімдімін, өйткені біз­де барлық бағыт бойынша өза­ра тиімді ынтымақтастықты дамытуға деген ниет, ұмтылыс пен саяси ерік-жігер бар.

– Қазіргідей жаһандық жылыну күшейіп, шыңын ақ қар басқан тауларда мұз­дық­тар еріп жатқанда, дария-өзендердің тартылуы алаң­датып тұр. Талас және Шу өзендері Қырғызстаннан бастау алады. Бұл мәселенің алдын алу, зардабын азайту үшін қан­дай әрекеттер жасалып жатыр? Біздің мемлекеттердің ынты­мақ­тастығында климаттың өзгеруі мен жалпы экология мәселесі қандай орында тұр?

– Өзіңіз айтып өткендей, соңғы жылдары климаттың өзгеруі өте маңызды жаһандық мәселеге айналды. Қырғызстан таулы аймақ ретінде оның жағымсыз салдарын өткір сезінеді. Сол мәселелердің кейбірі су тапшылығымен тікелей байланысты. Бүгінде Қырғызстанда мәңгі қар мен мұздықтар еріп, су-энергетикалық ресурстар азайып жатқаны белгілі. Егер бұл мәселелер халықаралық қоғамдастықтың көмегімен, сондай-ақ «климаттық» қаржы­ландыру арқылы шешілмесе, су жетіспеушілігі біздің мемлекетіміз үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де қауіпті болуы мүмкін. Сол себепті мұздықтар мен қарлы тау шыңдарын климаттық өзгерістерден қорғаудың, су ресурстарын үнемдеудің маңызын ескере отырып, Қырғызстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында және Глазгодағы климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясы тараптарының
26-ншы конференциясында бірқатар бастама көтерді.

Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – осы су-энергетика саласына қатысты. Бұл салада Шу мен Талас өзендері бойынша 2000 жылдан бері жинақталған өзара іс-қимылдан оң тәжірибе бар. Осы бойынша тараптар алынған көлемге сай трансшекаралық су объектілерін пайдалануға және күтіп-ұстауға жұмсалған шығын­дарды өтеу жөнінде басқа да келісілген іс-шараларға қатысады деп күтілуде (мұндай келісуді су ресурстары жөніндегі Шу-Талас мемлекетаралық комиссиясы жүргізетін болады).

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Қырғыз­стан мен Қазақстан ынтымақ­тас­тығында экология және кли­маттың өзгеруі мәселелері жыл өткен сайын өзекті бола түсетінін атап өту керек.

Соңғы жаңалықтар