Курчатовтық оқушы Семей полигонына туристер тартпақшы

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Курчатов қаласының 10 сынып оқушысы Семей полигонына туристік саяхат ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі Қазақстан-Америкалық еркін университеттің ұйымдастыруымен «Жас кәсіпкер» атты бизнес-жобалардың өңірлік сайысы өтті. Осы конкурста Курчатов қаласының оқушысы Семей полигонына саяхат ұйымдастыру жобасын ұсынды. Сайысқа тек колледж шәкірттері мен мектеп оқушылары ғана қатысты.

«Семей полигоны - экологиялық туризм үшін таптырмайтын нысан. Полигон дегенде ойыңызға бірден радиация келетінін білем. Бірақ біз ұйымдастыратын саяхаттың бәрі Ұлттық ядролық орталық мамандарының бақылауымен ұйымдастырылады. 5-6 адамдық шағын топ әуелі Семейдегі Полигон музейінде болып, 40 жыл бойы жүргізілген сынақтардың зардабымен танысады. Одан кейін арнайы киім киіп, полигон аумағына өтеді. Аталмыш аумақта бір делегация 1-1,5 сағат көлемінде ғана аралай алады. Бұл уақытта олар дозиметристің бақылауымен дүмпуден қалған орындарды сырттай тамашалап, Мәскеу метрополитенінің көшірмесімен танысады. Бейбіт атом өндірісіндегі теңдессіз жоба - «Токамак» стансасы да саяхат нысандарының тізіміне енген» - дейді жоба авторы Екатерина Локштанова.

Саяхат құны жергілікті туристер үшін 2,5 мың теңгеден басталса, шетелдік туристер үшін 80 мың теңге болмақ.

«Шетелдік меймандар жайлы қонақүйде жатып, жайлы көлікпен жүруді талап ететіні белгілі. Бұл соманың ішіне туристік компаниямен жасалған келісімшарт құны да кіреді. Біз туристік компаниялар мен Ұлттық ядролық орталықтың арасында үйлестіруші қызметін атқаратын боламыз. Ал отандық туристерді жекелей қабылдай береміз. Мен бұл жобаға жеке кәсіпкер ретінде қатыса алмаймын. Өйткені аталмыш аумақ әлі де болса стратегиялық нысан саналады. Сондықтан әрбір саяхат құзырлы орындардың қадағалауымен жүзеге асады. Жапониядағы Невада қаласының орнына да туристер осындай тәсілмен барып жүр» - дейді Екатерина Локштанова.

Екінші жыл қатарынан өткізілген конкурста үздік деп танылған жобаны «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры қаржыландырмақ.

«Алдын ала іріктеуге облыстың барлық аудандарынан 32 жоба түскен. Біз соның 10-ын ғана іріктеп алдық. Жеңімпаз жобалардың өзекті дегендерін «Даму қоры» қаржыландырады. Ал біздің университет жоба жеңімпаздарын «Бизнес» кафедрасының мамандықтарына жеңілдікпен шақырып отыр. Бірінші орын алған үміткерге 15 пайыздық жеңілдік береміз», - дейді «Бизнес» кафедрасының аға оқытушысы Ольга Богородская.

Сайыс қорытындысы бойынша І дәрежелі дипломмен «Исток» жекеменшік жалпы білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Дмитрий Подойников марапатталды. Дмитрий қазылар алқасына «Шыны сауыттағы раушан гүлі» жобасын ұсынған болатын.

«Полигонға туристік экскурсиялар» жобасын ұсынған Курчатов қаласының №3 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Екатерина Локштанова ІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Үшінші дәрежелі диплом Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің 2 курс студенттері Гүлайым Мырзабекова, Гүлмира Советова, Алтынгүл Тоқаева үштігіне бұйырды.

Соңғы жаңалықтар