Құрбан шалу кімдерге міндет емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құрбандық шалудың кімдерге міндеттелгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ханафи мәзһабында Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп яғни міндет. Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нысап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нысап мөлшері – 40 қой немес 40 ешкі, яки 30 ірі қара немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 грамм алтын яғни 1 230 000 теңге қаражат – нысап мөлшері. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес», - деп түсіндірді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфтидің айтуынша, айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

«Құрбандық етін мұқтаж жандарға үлестіру арқылы мұсылмандар арасында махаббат пен сүйіспеншілік артады. Сонымен қатар өзінің бойындағы қатыгездік, сараңдық сынды сипаттардан арылып, оны мейірімділік, жомарттық, кішіпейілдік қасиеттерге ауыстырады. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние игілігін нәсіп еткей!», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфтидің айтуынша, qurban2021.kz сайты бүгін сағат 15:00-де іске қосылып, Құрбан айттың үшінші күні яғни 22-ші шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыстарын бере алады. Осы сайт арқылы республика бойынша мұқтаж жандар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады.

Биылғы 20 шілдеде республика аумағында таңғы сағат 7.00-де қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтарда 10 минуттық Құрбан айт намазы оқылады.

Сондай-ақ, Наурызбай қажы Тағанұлы қуаңшылық пен жұт жағдайында құрбандық шалу туралы сұрақтарға жауап берді.



Соңғы жаңалықтар