Құрбан айтта мерекелік рухты сақтауға тырысуымыз керек – ҚМДБ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақстандықтарды карантинге байланысты енгізілген тыйымдарға қарамастан Құрбан айт күні мерекелік рухты ұмытпауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы Құрбан айт мейрамы жылдағыдай емес. Халық бір-бірінің үйіне айттап бара алмайды және базардан мал сатып алып, құрбандық шалуына шектеу қойылды. Сондай-ақ, мешітте айт намазын оқуға тыйым салынды. Дегенмен, азаматтарымыз карантиннің кесірінен мешітке бара алмадық, айттай алмадық немесе басқа да жоспарлар іске аспай қалды деп қынжылмауы керек. Керісінше, әрқайсымыз өз отбасымызда осы мерекелік рухты сақтауға тырысуымыз керек. Құрбан айтты таңертең ерте тұрып намазын оқып, дұға тілеп, құлшылық жасап қарсы алған дұрыс. Сонымен қатар, үйдегі жақындарына сыйлық алып беріп қуантуға да болады», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл.

Оның айтуынша, мешіттегі Құрбан айт намазына жамағаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тыйым салынды.

«Өздеріңіз білетіндей, құрбандық шалу үшін Qurban2020.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беруге болады. Ірі қара мал болса, 7 адамға дейін бірігіп ниеттенуге рұқсат. Ал қалған мерекелік дәстүрді отбасымен бірге үйде жасағаны абзал. Одан бөлек, қазір ХХІ ғасыр алыс-жақын ағайын туыспен ұялы телефон арқылы хабарласып, құттықтап, игі тілектерін айту мүмкіндігі бар. Ең бастысы - көпшіліктен санитарлық талаптарды сақтауын сұраймыз. Оның үстіне біздің дінімізге сәйкес адам өзіне де, өзге де зиянын тигізбеуі керек. Сол сияқты, Құран кәрімде өздеріңді қауіп-қатерге салмаңдар деген аят бар. Сондықтан ортақ талапқа мойынсұнып, қонаққа баруды, топ болып шоғырлануды қоя тұрғанымыз жөн», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар