Құрбан айт: Павлодар облысында мал сатудың шектеулі тәртібі енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысы бас санитар дәрігерінің Құрбан айт кезіндегі карантин шаралары туралы жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаулы бойынша өңірде меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үйлер мен медреселерде адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынатын болды.

«Автокөліктерден және жеке меншік үй иеліктерінен мал сатуға тыйым салынсын», - деп жазылған құжатта.

Сондай-ақ, құрбанға шалынатын малды сату және сою жұмыстары тек ветеринариялық қызметтің ресми қорытындысын алған арнайы пунктер мен алаңдарда жүргізу қажеттігі көрсеткілген.

Аталған мал сою пунктерінде күшейтілген ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау жүргізілетіні айтылған.

«Құрбандық шалуды Qurban2021.kz сайтына өтінім бере отырып, онлайн-режимде өткізілсін. Мұқтаж адамдарға құрбандық етін тарату ісін оған тартылған адамдарды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ете отырып, тез бұзылатын өнімдерді тасымалдау және сақтау жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық ережелердің талаптарын сақтау арқылы ұйымдастыру керек», - делінген қаулы мәтінінде.

Қаулы 16 шілде күні сағат 00:00-ден бастап 23 шілдеге дейін күшінде болады.


Соңғы жаңалықтар