Құранның жаңа аудармасы мен тәпсірі оқырманға жол тартты - ҚМДБ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жуырда қасиетті Құранның жаңа аудармасы мен тәпсірі жарық көрді. Осы орайда елордадағы ҚМДБ ғимаратында аталған кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Араб тілінен аударған исламтанушы, ҚМДБ наиб мүфтиі Ершат Оңғаров. Қазақ тілінің әдеби мәнерімен өрнектеп, редакциялаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, прозашы Нұржан Мұраталиев.

«Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері» атты еңбектің таныстырылымына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, зиялы қауым өкілдері мен дін қайраткерлері қатысты.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл отыз жылдығын атап өтуде. Бұл ретте көптеген игі шаралар жоспарланған. Бүгінгі шараның мақсаты - қасиетті кітабымыз Құранды елге қазақ тілінде, қазақтың салтына сай түсіндіріп жеткізу. Қасиетті Құранның аудармасы және оның тәпсірі жарық көріп жатыр, Алла қаласа бүгін қалың оқырмаға жол тартатын болады. Зиялы қауым өкілдерімен, дін қайраткерлерімен бірге тұсаукесерін өткізіп жатырмыз», - деді Бас мүфти.

Осы орайда ол аталған еңбек жастардың мен жамағат үшін Құранның мағынасы мен тәпсірін дұрыс түсіндіруге негізделгенін атап өтті. Атап айтқанда, оқырманға жеңіл түсіндіру қарастырылған.

«Жастардың деструктивті діни ағымдардың жетегіне кету факторларының бірі – Құранның мағынасы мен тәпсірін дұрыс түсінбеу. Кейде Құран аяттарын тікелей мағынасында түсініп жатады. Аударма ерекшелігі – қасиетті аяттар араб тіліндегі түпнұсқадан аударылған, аяттардың қазақша мағынасы берілген, аяттың тәпсірі, түсініктемесі мен тарихы жан-жақты жазылған. Сүренің қазіргі ғылыммен байланысы баяндалған, араб тіліндегі аяттың дұрыс оқылу транскрипциясы берілген», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кітап көлемі 1000 беттен асады. Аудармашы аударма барысында Мысыр, Түркия, Араб мемлекеттеріндегі түпнұсқа қолжазбаларға сүйене отырып, дін мен дәстүр сабақтастығына мән берген.

«Айта кетер жайт, Ершат бауырымыз әл-Матуриди, ән-Нәсәфи, әл-Жәләләйн, әл-Әлуси сынды ханафи мәзһабының ғұлама-ғалымдары мен тәпсіршілердің кітабынан өз нұсқасынан аударып шықты. Бұл еңбекке бірнеше жылын сарп етті. Алла сауаптан жазсын!», - деді Бас мүфти.

Өз кезегінде Ершат Оңғаров он жылға жуық уақытын аталған аударма еңбегіне бөлгенін атап өтті.

«Жастарды рухани тәрбиеге және терең таным алуға құрал болады деп сенемін. Бүгінгі 3 мың данамен шығып отырған нұсқаға демеушілік жасаған азаматтарға алғысымды айтамын», - деді Е. Оңғаров.


Соңғы жаңалықтар