Құрамында қазақстандық футболшы ойнайтын ЦСКА Ресей чемпионатында көш бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрамында қазақстандық футболшы Бактиер Зайнутдинов ойнайтын ЦСКА Ресей чемпионатында көш бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәскеуліктер 13-турда Волгоградта премьер-лигаға биыл қосылып, 15-орында келе жатқан «Ротормен» кездесті.

Бұл ойында исландиялық Арнор Сигурдссоннан пас алған Алан Дзагоев 41-минутта жеңіс голын соқты. А.Дзагоев матчтың үздік ойыншысы атанды.

Тоқсан минут бойы алаңда жүрген Б.Зайнутдинов та жеңіске үлес қосты.

Бактиер Зайнутдиновтың ел құрамасында жартылай қорғаныс шебінде ойнайтыны белгілі. Дегенмен ЦСКА бапкері Виктор Ганчаренко Бактиерді қорғаныс шебіне қойып жүр.

Сонымен қатар Б.Зайнутдинов Еуропа лигасында екі ойын өткізіп үлгерді. ЦСКА сырт алаңда аустриялық «Вольфсбергпен» (1:1), сосын Мәскеуде Загребтің «Динамосымен» (0:0) тең тарқасты. Енді 5 қарашада Нидерландыда «Фейеноорд» командасымен алаңға шығады.

Бұл турдан кейін 28 ұпай жинаған ЦСКА премьер-лигада бірінші орынға көтерілді. Ал мәскеулік «Спартак» өз алаңында күтпеген жерден Б.Зайнутдиновтың бұрынғы командасы «Ростовтан» 0:1 есебімен ұтылып қалды. Санкт-Петербургтің «Зениті» сырт алаңда «Химкиді» 2:0 есебімен қапы қалдырды. «Химки» құрамында Қазақстан құрамасының тағы бір жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат болғанымен, оны бапкерлер ойынға қосып жүрген жоқ. 27 ұпаймен «Зенит» пен «Спартак» екінші, үшінші орында келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Б.Зайнутдиновтің қыркүйек айының қорытындысы бойынша ЦСКА командасының үздік ойыншысы атанғанын, К.Роналдудың карантиннен кейін қос гол соққанын жазған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар