Құр сумен дезинфекция жасап жүр: Шымкент әкімдігі желіде тараған видеоға жауап берді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Кеше әлеуметтік желілерде Шымкент көшелерінде мамандардың дезинфекциялық құралдың орнына жай су шашып жүргені туралы видео тараған еді. Осыған байланысты бүгін Шымкент қаласы ақпарат-коммуникация орталығында өткен брифингте аталмыш бейнежазбаға қатысты сауалдарға Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Әбішев пен Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Болат Малимов жауап берді.

«Сірке қышқылы қоспасы көпқабатты тұрғын үй ауласына (1156 аула) және халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға арнайы су шашатын құрылғымен себіледі. Жұмыс концентрациясында қолданылатын (0,001–0,03%) НУК ерітінділерінің өткір иісі жоқ, жергілікті тітіркендіргіш, сенсибилизациялайтын және кумулятивті әсері жоқ және тыныс алу органдарына травматикалық әсер етпейді. Яғни, сұйылтылған, уыты аз зат. Қазіргі таңда қаланы залалсыздандыру жұмысына екі түрлі қоспа қолданылып жүр. Атап айтқанда, гипохлорид кальций 35% (хлор) және сірке қышқылы. Жоғарыда аталған екі қоспаның да тиісті сараптамалық қорытындысы бар», – деді Б.Малимов.

Яғни, бейнежазбада көрсетілген Еңбекші ауданында әскерилер жасаған дезинфекция жұмысына сірке қышқылы қолданылған. Мамандардың айтуынша, мұның сумен араласқаннан кейін иісі болмайды, түсі де өзгермейді. Адам ағзасына кері әсері жоқ, қоршаған ортаға қауіпті емес.

Бір тиімділігі - бактерияларды тез арада өлтіреді. Айта кетейік, аталған сұйықтық дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бекітілген, арнайы сертификаты бар. Бірақ бейнежазба барысында бұл жөнінде әскерилер дер кезінде жауап бере алмаған.

Әскерилердің бейнежазба авторының сауалдарына жауап бере алмауының себебі - олардың құрылғысына сірке қышқылы араласқан арнайы суды әкеп береді екен.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, сірке қышқылын еліміздің өзге де өңірлерінде коронавирусқа қарсы кеңінен қолданып жатыр. Бүгінде нәтижесі де жаман емес.

– Қазіргі таңда Шымкент қаласында індеттің өсу динамикасы төмендеуде. Бұл – атқарылып жатқан санитарлық жұмыстардың нәтижесі. Ал әлеуметтік желіде таралған бейнежазба жайында айтсам, залалсыздандыру заттарын қарапайым халық пайдалануға болмайды. Дезинфекциялық заттардың үш түрі болады. Дезинфекция микроорганизімдерге, дезинцекция жәндіктерге және үшінші түрі – дератизация, – деді Ғ.Мотайұлы.

Сондай-ақ, брифингте әлеуметтік желіде бейнежазба авторына арнайы түсіндірме жұмысы жүргізілгені және дезинфекциялық заттардың сараптамалық қорытындысы бар екені айтылды.

Сонымен қатар БАҚ өкілдері тарапынан қосымша қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берілді.



Соңғы жаңалықтар