Құпияға толы Ақыртас кешеніне су тартыла ма

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл және Шу аударындағы бірқатар туристік нысандарға атбасын бұрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы алдымен Жамбыл ауданы аумағында орналасқан Ақыртас кешеніне тоқтады.

Мемлекеттің қорғауына алынған туристік нысанды жергілікті билік келушілерге қолжетімді ету үшін бірқатар жұмыстар жүргізуде.

Бүгінде негізгі автомагистральдан нысанға асфальт жол тартылған десек, инфрақұрылымға қатысты басқа да мәселелер шешімін табуда.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұрлан Бықыбаев және оның орынбасары Анна Крокошева облыс әкіміне кешеннің тарихы туралы баяндап, оның туристік тартымдылығын арттыру бойынша кейбір мәселелерді атап өтті.

Соның бірі – Ақыртас тарихи-мәдени кешенін сумен қамтамасыз ету.

Нұрлан Бықыбаевтың айтуынша, бұл мәселені тау бұлақтарын пайдалану арқылы шешуге болады. Тиісті жоба әзірленген, тек қаржыландыру қажет.

Бердібек Сапарбаев бұл жобаны қолдайтындығын білдіріп, тек оны алдымен жан-жақты қарастырып, егжей-тегжейлі нақтылаудың маңыздылығын алға тартты.

Бұдан соң облыс әкімі жолай ежелгі Ақтөбе (Баласағұн) қалашығына арнайы бұрылды.

Шу ауданы аумағында орналасқан бұл нысанды зерттеу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізілуде. Бірақ қазір ол жұмыстар коронавирусқа байланысты уақытша тоқтап тұр.

Сала мамандары археологиялық қазба жұмыстары міндетті түрде жалғасады деп сендірді.

Мұндағы басты мәселенің бірі – қалашыққа апарар жақсы жолдың жоқтығы. Ол үшін тиісті зерделеу жұмысы жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар