Құны 1 млрд теңгеге жуық маскалар Қазақстаннан шығарылмақ болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде медициналық жеке қорғаныс құралдарын заңсыз шығармақ болған 15 жүк көлігі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жүк көліктерін 1-16 мамыр аралығында ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ұстаған.

«Тексеріс кезінде құны 2,2 миллион АҚШ доллары (1 млрд теңгеге жуық) сомасына тең
1 миллионнан астам жеке қорғаныс құралдары (медициналық бетперделер, респираторлар және т.б) анықталды.

Мемлекеттік шекарадан өту кезінде тасымалдаушы салық төлеуден жалтару мақсатында жалған электрондық шот-фактураларды толтырған. Бұдан басқа, тасымалданатын тауарға рұқсат құжаттары болмаған.

ЖШС басшысы серіктестіктің тіркеуіне және қаржы-шаруашылық жұмысына қатысы жоқ болып шықты.

Еліміздің бюджетіне келтірілген залал ЖШС-нің барлық экспорттық операцияларынан шамамен 284 миллион теңгеге жеткен», - делінген ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінде.

Заңсыз кәсіпкерлік қызметтің орын алуына байланысты құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу қызметіне берілді.


Соңғы жаңалықтар