Күнсұлу Закария: QazVac үшін автор ретінде алаңдап отырған жоқпыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария журналистермен сұхбат барысында QazCOVID-in (QazVac) вакцинасының коронавирусқа қарсы тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы толыққанды мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада журналистермен кездескен Күнсұлу Закарияға отандық вакцинаның ерекшеліктері туралы сан түрлі сұрақтар қойылды.

- Коронавирусқа қарсы вакцина алғаннан кейін иммунитет қанша уақыт сақталуы мүмкін?

- Бүгінде толық зерттеулер жоқ, сондықтан нақты мерзім туралы объективті мәлімет беру мүмкін емес. Біз тек болжай аламыз. Біздің QazCOVID-in вакцинасы иммунитетті бір жыл бойы сақтайды деп болжаймыз. Ресейлік «Спутник V» әзірлеушілері иммунитет екі жыл бойы сақталады деп мәлімдеді. Алайда, бұдан былай коронавирустың да тұмау сияқты әрдайым бізбен бірге өмір сүретінінін түсінуіміз керек. Бір жылда екі рет вакцинация жүргізу қажет болуы да мүмкін. Иммунитет, әрине, төмендейді. Себебі біз қазір гуморальды иммунитет туралы айтып отырмыз. Бірақ негізгі мәселе жасушалық иммунитет пен жасушалық жадты дамыту болып отыр. Мұның бәрі әлі зерттеледі.

- Қазақстандық вакцинаның қаншалықты тиімді екенін қай кезде нақты біле аламыз?

- Зерттеудің бірінші кезеңі вакцинаның қауіпсіздігін, екінші кезеңі – иммуногенділікті, үшінші кезеңі – профилактикалық қауіпсіздікті зерттейді. Бүгінгі таңда профилактикалық қауіпсіздік туралы ешкім жауап бере алмайды. Себебі коронаврусқа қарсы ойлап табылған вакциналардың ешбірі үшінші кезеңнен әлі өткен жоқ. Ресейлік мамандардың, біздің мамандардың тиімділік туралы айтып жүргені – аралық мәліметтер. Соңғы деректер үшінші кезең аяқталғаннан кейін және қорытынды есепте болады. Аралық деректер бойынша біздің вакцинаның тиімділігі – 96%.

- Өзіңіз вакцина алдыңыз ба?

- Қазақстандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізгеннен кейін, яғни, өткен жылдың шілде айында бірінші болып осы вакцинаны алды. Жануарларға жасалған сынақ біздің екпенің толық қауіпсіз әрі иммуногенді екенін көрсеткеннен кейін-ақ өзімізге салғызғанбыз.

- Вакцина алмай тұрып антидененің бар-жоғын анықтау қаншалықты маңызды? Кімдерге вакцина алуға болмайды?

- Бұл жөнінде тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да стандартты ұсынымдар мен ережелер бере алмай отыр. Бұл – жаңа ауру. Дегенмен, вакцина алуға болмайтын белгілі бір тәуекел топтары бар. Жүктілік кезеңі, омырауда баласы бар аналар үшін лактация кезеңі, созылмалы аурулардың асқыну кезеңі, АИТВ ауруы кезеңі, белсенді онкологиялық процестер. Аталған санаттағы адамдар егілмейді.

Антиденені анықтау мәселесіне келсек, адам аурудың бастапқы кезеңінде болса, яғни инкубация кезеңі болса, онда кез-келген вакцина ауруды қоздыратынын түсіну керек. Инкубациялық кезеңде ешқашан вакцина алуға болмайды. Сондықтан, вакцина салғызар алдында адам өзінің күйі жақсы екеніне сенімді болуы керек немесе арнайы талдаулар алып, тексерілген жөн.

- Көп адам вакцина алғаннан кейін жанама әсері бола ма деп қорқады. Вакцинацияның ықтимал жағымсыз әсерлерін қалай түсіндіре аласыз?

- Әр адам өмірінде өлтірілген вакцинаны 3 рет алған. Балалардың барлық екпелері өлтірілген вакцинаға негізделген. Яғни мұндай вакиналардағы компоненттердің бәрі толық зерттелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл тәсілді сертификаттаған. Біздің вакцинаның басты жаңалығы – вирустың өзі. Сондықтан біз вакцинаның жасалу әдісі мен қауіпсіздігіне алаңдамаймыз. Жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе аталмыш технологияның қауіпсіз әрі кері әсері жоқ екенін дәлелдеген.

Ал жаңа платформадағы субуниттік, векторлық және әлсіретілген (генетикасы түрлендірілген) вакциналар толық зерттеліп біткен жоқ. Мұндай вакциналардың кейін қандай да бір әсері болмайтынына көз жеткізу үшін уақыт керек. Тіпті ондаған жылдар қажет.


Соңғы жаңалықтар