Күнсұлу Закарья пандемия жөнінде: Жаңа сынаққа дайын болуымыз керек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья пандемия кезінде алған тәжірибені қайталануы ықтимал эпидемия жағдайында ескеру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана халықаралық форумы аясында денсаулық сақтаудың жаһандық проблемаларына арналған үлкен панельдік сессия өтті. Сессияда пандемия қорытындылары туралы сұрақтар көтерілді. Расында біз пандемиядан үлкен сабақ алдық. Пандемия кезінде алған өңірлік, республикалық және жаһандық ауқымды тәжірибені ұмытпауымыз керек. Сондықтан форум сессиясында ғалымдар мен мамандар, сондай-ақ Pfizer секілді ірі компаниялардың басшылары, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілдері елдердің тәжірибесін жинақтау қажет деген пікірге келді», - деді Күнсұлу Закарья Астана халықаралық форумы барысында ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, келесі ықтимал қауіп-қатерлерге толық дайын болу үшін барлық қажетті шаралар мен нұсқаулықтар әзір болуы тиіс.

«Қазақстан бұл бағытта үлкен тәжірибе жинақтады. Ведомствоаралық өзара іс-қимылда ауқымды өзгерістер болды. Өйткені мәселені Денсаулық сақтау министрлігі ғана шешкен жоқ. Бұл жерде қаржыландыру қажет болды (Қаржы министрлігі), жабық шекаралар жағдайында (ҚР СІМ) сырттан тауарлар әкелу керек болды. Ал ғалымдар жаңа технологиялар мен зерттеу әдістеріне қол жеткізді. Ең бастысы – біз Орталық Азияда толық циклді вакциналар шығаратын алғашқы зауыт салдық. Жаңа ықтимал сынақтарға дайын болу үшін өз тәжірибемізден сабақ алуымыз керек», - дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті.


Соңғы жаңалықтар