Күннен қуат алатын ұшақтың авторы Астанаға келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күн батареяларымен жұмыс істейтін Solar Impulse 2 ұшағымен Жер шарын аралап шыққан Бертран Пиккар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астаналық тілшілерге берген сұхбатында танымал ұшқыш Solar Impulse 2 ұшағымен жасаған саяхатының басты мақсаты - экологиялық таза технологиялар мен баламалы энергия көздерімен мүмкін емес деп санаған жетістіктерге қол жеткізуге болатынын көрсету екенін еске салды.

Қазір ұшақ Швейцарияда тұр және оны телекоммуникация саласында қолдануға жарамды. Мәселен, өзін-өзі басқаратын режимге қойып, wi-fi таратушы ретінде пайдалануға болады.

«Ұшақты көкке ұшыру үшін 40 адам қажет еді. Жер шарын айналып шығу үшін бізді серіктестер қаржыландырды және өкінішке орай онымен ермек үшін ұша алмаймын. Егер ұшақ құрастыратын серіктестер тапсам және бірге ұшатын 2-3 ұшқыш тапсам және бұрынғыдан жылдамырақ ұшса, тағы да ұшуым мүмкін. Бәлкім, бұл серіктестер Қазақстаннан табылып, бірге ұшып қалармыз», - деді ол ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап бере отырып. 

Сонымен бірге, Б.Пиккар күн сәулесінен қуат алатын ұшақтардың қашан жолаушы тасымалдайтыны туралы өз пікірін білдірді.

«Алғашқы компьютерлердің көлемі тұтас үймен бірдей болды. Оларды пайдалану қиын әрі құны да аса қымбат еді. Бірақ,сол компьютерлер ғалымдар мен өнертапқыштарды алға жетеледі, олар техниканы кішірейтудің, арзандатудың және жылдам жұмыс істеуінің жолдарын ойлап тапты. Қазір әрқайсымыздың телефонымызда бір-бір компьютерден бар. Жанармайсыз ұшатын ұшақтарды да осындай жол күтіп тұр. Біз ұшақты құрастырып, жұмыс істей алатынын көрсеттік. Енді он жылдан кейін (күн батареяларындағы ұшақтар ғана емес) электрмен қозғалатын ұшақтар жолаушы тасымалдауы мүмкін, мен оған сенімдімін», - деді Бертран Пикар.

Соңғы жаңалықтар