«Құнанбай» және «Жаңғақ тал» фильмдері Азиядағы ең үздік фестивальге қатысады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Құнанбай» және «Жаңғақ тал» фильмдері Бейжіңде өтетін фестивальге қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақфильмнің» баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған  «Құнанбай» және «Жаңғақ тал» фильмдері Қытайдың астанасында 19-21 сәуірде өтетін Бейжің халықаралық кинофестивалінің (Beijing International Film Festival) «Панорама» бағдарламасында көрсетілетін болады.

«Фильм көптеген фестивальдерге қатысып, танылып жатқанына өте қуаныштымын. Картинаның желісі мейірімге толы, сондықтан да қытайлық көрермендердің көңілінен шығатынына сенімдімін», - деді «Жаңғақ тал» фильмінің режиссері Ерлан Нұрмағамбетов.

Естеріңізге сала кетсек, «Жаңғақ тал» фильмі Оңтүстік Кореядағы Пусан фестивалінде әлемдік премьерасын өткізіп, онда New Currents («Жаңа ағым») секциясы аясында бас жүлдені иемденген болатын. Сонымен қатар, аталған картина Везульдегі Азия кинолары ХХІІ Халықаралық кинофестивалінің (Франция, 2016 жылы) негізгі байқауында көрсетіліп, екі бірдей жүлдеге:  халықаралық қазылардың арнаулы жүлдесіне және кино сыншыларының арнаулы жүлдесіне ие болған.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын марқұм Таласбек Әсемқұлов екеуіміз «Біржан сал» фильмімен Қытайға арнайы барып едік. Көрсетілімге 500-ге жуық халық қатысты, олардың арасында қазақтар да болды. Фильмді өте керемет қабылдады. Тарихтан сыр шертетін «Құнанбай» фильміміз де қытайлық көрермендерге ұнайды деген ойдамын», - деді «Құнанбай» фильмінің режиссері Досхан Жолжақсынов.

Ұлы ойшыл Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмірі жайлы баяндайтын тарихи туынды еліміз бойынша прокатқа 2015 жылы шығып, көрерменнің көзайымына айналған болатын. Аталмыш фильм ҚР Президенті

Н.Ә.Назарбаевтың және Мемлекет тарапынан да жоғары бағасын алды. 2016 жылдың әдебиет пен өнер саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықты Елбасы ҚР Тәуелсіздік күнін тойлау қарсаңында фильмнің түсіру тобына берді. Жарлыққа сәйкес сыйлық режиссер Досхан Жолжақсыновқа,  қоюшы суретші  Рустам Одинаевқа, сонымен қатар актерлер  Нурсифат Салықова мен Айдос Бектемірге берілді.

Сонымен қатар, алғашқы ұлттық «Тұлпар» киносыйлығында фильмнің авторлары үздік атанып, «Үздік ер адам рөлі», «Үздік қоюшы суретші», «Үздік композитор», «Үздік сценарий» аталымдары бойынша төрт бірдей жүлдеге қол жеткізді.  Одан бөлек, Уфада өткен III халықаралық ұлттық және этникалық кино «Күміс Ақбозат» фестивалінде  Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух» жүлдесін иеленген. 

Айта кетейік, Бейжің халықаралық кинофестивалі Қытайдың байланыс, радио, кинематография және телеарналар бас басқармасы және Бейжіңнің муниципалитетінің халық үкіметі, сондай-ақ Қытайдың кино жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткізіледі. Байқау ұйымдастырушыларының айтуына қарағанда, Бейжің фестивалі жылдан жылға дамып, бүгінде Азияда өтіп жатқан кинофестивальдердің көшін бастап тұр. 

Биыл байқауға 90 елден 1000-ға жуық кинотуынды қатысып отыр. Олардың ішінен негізгі бағдарламаға 15 фильм іріктеліп алынған. Конкурстық байқауға ұсынылған фильмдердің үздігін белгілі дат режиссері Билл Август төрағалық ететін халықаралық қазылар алқасы анықтайтын болады. 

nullnull nullnull null  

Соңғы жаңалықтар