Құнанбай қажы неге тасада қалып қойды?- Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

«Алматыда қазақтар онсыз да аз...»- «Сыр бойы» газеті 

«Сыр бойы» газетінде журналист Жұматәли Әбдіраманның шағын естелігі жарық көріпті. Журналист ол жылдары «университет бітіргендерге мемлекеттік комиссия әр облысқа, ауданға жолдама берілетінін, оның мерзімін өтеп келмейінше ізінен қалмайтынын» еске алады.

«Сондай комиссияның кезегі бізге де келіп, Маханбет деген курстасымызға байланысты дау шықты. Оның жұбайы оқуды бір жыл бұрын бітіріп, Алматыда қызметке қалған еді. Комиссиядағылар «сені Алматыда қалдыра алмаймыз, басқа облысқа, ауданға баруың керек деп» отырып алды. Шырылдаған оған «Сендерді астанада қалуға дайындаған жоқпыз, шалғай аудандарға баруларың керек» деген Орталық Комитет пен Баспа комитетінің, университеттің өкілдері, деканаттағылар да міз бақпады. Жолдасымыздың жаны қысылды. Бұл әңгіме көпшілікке жақпаған болу керек, бір кезде журналистика факультеті орыс бөлімінің деканы Марат Барманқұлов: - Алматыда қазақтар онсыз да аз, қалсын - деді орысша қойып қалғандай».

Осылайша комиссия беделді деканның сөзіне қарсы дау айта алмай, Мәкеңнің тағдыры шешіледі.

«Мәскеудің түлегі, ғылым докторы, профессор Марат Барманқұлов шын мәнінде оқымысты, қазақ зиялысы еді. Сексенінші жылдардың өзінде студенттермен ғана қазақы қала болып көрінетін Алматыны олар көкірек көзімен біледі екен ғой» деп жазады автор.
 
Тоқсандағы ғалымның айтары бар - «Оn'tu'stіk Qazaqstan» газеті

«Оn'tu'stіk Qazaqstan» газеті жасы тоқсанға тақаған оқырман Қуаныш Керімбеков ақсақалдың базынасына орын беріпті. Тоқсан жастағы ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты мәселені төтесінен қойып, радиода ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүргізілетін хабарларға көңілі тола бермейтінін айтыпты. Осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ғалым ақсақал айтар ұсыныс-пікірлері де бар екенін жеткізген. Ғалым бірінші кезекте Қазақстанға шетелден асыл тұқымды мал әкелінетініне қарсы екен. Айтуынша, шындап кіріссе, жергілікті іріқараны жақсы семіртуге болады.

«Қазір кейбір шаруалармен әңгімелесе қалсаң жемшөптің жоқтығын, қымбаттығын айтып жылайды. Сонда ғылым қайда? Дәстүрлі тәсілдерді неге енгізбейді? Кәсіпкерлерді қолдау қорлары тек несие алуды ғана айтады. Ал, оны дамыту жолдары, осындай тәсілдерді енгізуді әлдеқашан естен шығарған. Билік пен шаруаның арасында байланыс жоқ» дейді ақсақал.

Ақсақал ауыл шаруашылығы саласында 3 негізгі мәселеден жаңылыспау қажеттігін айтады. Оның бірі жер болса, екіншісі - егіннің түрі, одан соң - түсетін табысың.

«Бірінші мәселе өнім емес, жер болуы керек. «Жердің құнарлылығын арттыратын мүмкіндік жоқ, минералды тыңайтқыштар берілмейді, жекеден сатып алсақ қымбат» деп шағымданады шаруалардың көпшілігі. Минералды тыңайтқыштар, яғни азот, калий, фосфор жердің құнарлылығын арттырмайды. Жерді құнарлы ететін - ауыспалы танап. Осы жүйеге көшкенде ғана біздің өніміміз мол болады» деп ойын қорытты қария.

Айтпақшы Қуаныш ақсақал зейнеткерлікке шыққан соң Германияның ауыл шаруашылығы мамандарымен бірлесіп кәсіпорын ашқан екен. Ол мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды, мүмкіндікті шаруалардың дұрыс пайдалана алмай отырғанына да реніш білдіреді.
 
Ақ некеге атүсті қарамайық - «Арай» газеті



Жамбыл облысы жастарының газеті қоғамдағы некенің орны, мәні туралы мақала жариялаған екен. Онда қазақ халқының некеге асқан жауапкершілікпен қарап келгені айтылып, алайда соңғы жылдары некеге де немқұрайды қарайтындардың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріпті. Бұл ретте автор өзін діндар санайтын кейбіреулердің теріс ағымның жетегімен көңілі қалаған әйелмен уақытша некелесіп, тездетіп талақ айтуды үрдіске айналдыра бастағанын жазады. Сосын дінге бет бұрып жүрген бір таныс қызының басындағы оқиғаны да алға тартады. Әлгі оқиғаға қатысты мешіттегі имамның да, психолог маманның да пікірін келтіреді. Екеуі де әлгіндей діндарсымақ еркектің әрекетін құптамайды, керісінше оның жат ағыммен «ауырғанын» дөп басып айтады.

«Исламның түп-тереңіне үңілер болсақ, қыз балаға, анаға деген құрмет, некеге жауаптылыққа байланысты дәлелдер жетерлік. Біздің дана халқымыздың да салт-санасында «Қыз жүрген жерге құт қонады», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың» деген түсінік-пайым бар. Қазақ халқының тұрмысында қолданатын дәстүрлері Исламның игіліктерімен тамырлас. Қорыта айтқанда, серттесіп қосылған зайыбына жеңіл көзқараспен талақ айтып, басқамен некелесіп жүре беру дініміздің шариғатына да, халқымыздың менталитетіне де қайшы» деген пікір білдіріпті маман.

Жас геологтар 150-160 миллион жыл бұрынғы ихтеозаврдың сүйегін қазып алды - «Орал өңірі» газеті



«Орал өңірі» газетінің жазуынша, былтыр Зеленов ауданының жас туристер стансасының педогогы Ольга Суботина мен «Жас геолог» үйірмесінің мүшелері ауданның Краснов округіне қарасты Щучкин ауылы маңынан осыдан 150-160 миллион жыл бұрын өмір сүрген ихтеозаврдың сүйектерін тапқан.

«Жас туристердің күшімен ежелгі балықтың біраз бөлігі қазылып, зерттелген еді. Ұзындығы шамамен 5-6 метр болатын ихтеозаврдың жер астында қалған бөлігі жуырда қазылып алынды. Бес күн бойы геология және минерология ғылымдарының кандидаты В. Ефимов бастаған топ Щучкин ауылы маңында қазба жұмыстарын жүргізді. Экспедиция құрамында Қазақстан Республикасының құрметті геологы Г. Якименко, география ғылымдарының кандидаты С. Рамазанов, облыстық БЖТжЭО-ның бөлім меңгерушісі Н. Ғатауов, Зеленов аудандық жас туристер стансасының «Жас геолог» үйірмесінің оқушылары және қосымша білім беру педагогтары болды», деп жазады газет.

Жазуынша, толығымен алынған ихтеозаврдың сүйектері Ресейдің Ульянов облысындағы Ундоры қаласына жөнелтілген. Ол жерде толық зерттелген соң елімізге қайтарылатын болады.
  null 

Құнанбай қажы қалай тасада қалып қойды?- «Дидар» газеті

null

Жақында Семей қаласында Президенттің Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орталық сараптама кеңесінің көшпелі мәжілісі өтіпті. Онда «Рухани» жаңғыру» бағдарламасының облыста, оның ішінде жоғары оқу орындарында орындалу барысы талқыланған екен. «Дидар» газетінің жазуынша, онда біраз ұсыныстар айтылыпты. Мәселен, қатысушы ғалымдардың бірі алаштану мәселесін жоғары деңгейге көтеру қажеттігі туралы нақты ұсыныстар мен пікір білдірді. Сосын Астанадан «Абай» институтын ашу және «Абай» журналын жоғары деңгейде шығару туралы сөз болған. Ал жарыссөзге қатысқан профессор Арап Еспенбетов Абайды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізі етіп алу туралы ұсыныс айтып, бұл ретте осы уақытқа дейін оның әкесі Құнанбайдың еңбегі дұрыс бағаланбай, назардан тыс қалып отырғандығына сын-пікір білдірген екен.

«Халықаралық дәрежеде Абай брендке айналуы керек дейсіздер бұл өте дұрыс, бірақ, Абай бар да, оның әкесі Құнанбайдың бар екендігін түсіндіру қиын боп тұр бұл заманда. Қазақстанның киелі жерінің жағрафиясы дегенге Құнанбайдың мекені, қорымы кірмей қалуы деген не сұмдық?! Бұны кім ұсынбаған Сіздерге, қалалық әкімдік пе, облыстық па, неге назардан тыс қалып отыр. Осыны назарға алсаңыздар» депті профессор.
 
Балконында бөдене баққан... - «Ақтөбе» газеті



«Ақтөбе» газетінің жазуынша, ырғыздық Гүлшат Бөлекбаева ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түріне жататын кәсіптің тізгінін ұстапты. Ол бір қойдың ақшасына сатып алған 25 бөдененің балапанын өз үйінің балконында өсірген екен.

«Көктемде бір қойдың ақшасына 25 бөдененің балапанын сатып алдым. Күн салқын кезде бөдене балапандарын үйімнің балконында ұстап бақтым. Алдағы уақытта құс тұратын орын қажет. Күн салқындаған кезде оларға жылы жер керек. Бөденеге пәлендей күтім қажет емес, бірақ бұл құстарға жайлы әрі жылы жердің болғаны дұрыс. Қазір мен секілді бизнес бастаушылар үшін мемлекеттен беріліп жатқан жеңілдіктер көп. Болашақта осындай мүмкіндіктерге қол жеткізетініме сенімдімін», депті кәсіпкер.

Айта кетерлігі, қазір бөдененің бір жұмыртқасы 50 теңгеге бағаланады екен. Ал алпысты алқымдаған кәсіпкер әзірге аудан бойынша бөдене өсіріп отырған жалғыз адам екен.

  null


Польшаның Қазақстандағы елшісі ұлты - татар, руы - үйсін - «Орталық Қазақстан» газеті

 

«1939 жылға дейін Польшада «Ұлан» әскери жасағы қызмет етті. Тікелей корольге ғана бағынатын әскерилердің тегі - татар. XV ғасырда Азиядан қоныс аударған көшпенділерді еуропалықтар осылай атап кеткен. Бұған өздері де қарсы келмейді. 397 жылы Әмір Темір әскерінен ойсырай жеңілген Тоқтамыс хан соңына ерген сарбаздарымен Вильно, Новогрудка, Лиды, Брест және Минск маңына қоныстанады. Өз жеріне көмек сұрай келген көшпенділерді князь Витовта құшақ жайып қарсы алып, жер берген. Мақсаты - жауынгер халықты қалқан етіп, жауларынан қорғану. Солай болды да. Литва мен Польша жерін мекендеген көшпенділер негізгі әскердің бастау көзіне айналды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін елдің тыныштығын күзетіп келді. Бертінде әскери құрылым ретінде тарих сахнасынан кеткенімен, ықпалын жоғалтпағаны байқалады. Елдегі жоғары лауазымды әскери генералдары мен мемлекет қайраткерлерінің көпшілігі сол татарлардың ұрпағы» деп жазады «Орталық Қазақстан» газеті.

Сосын Польшаның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Елшісі Селим Хазбиевичтің де ұлты - татар, руы - үйсін екенін көрсетіпті газет.

«Ал, енді мына қызықты қараңыз. Польшадағы ат төбеліндей татарлар Найман, Арғын, Жалайыр, Қоңырат және Үйсін деген бес тайпадан құралады. Бұл нағыз қазақ тайпалары. Яғни, татар атанғандардың тегі қазақ»...

Арды қайда қоямыз?...- «Қостанай таңы» газеті

«Қостанай таңы» газетінің дәстүрлі бас редактор бағанында Жанұзақ Аязбековтың әлеуметтік желі туралы жазбасы жарияланған. Бас редактордың жазуынша, бүгінде Қазақстанда 8,6 миллион адам əлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады екен. Автор әлеуметтік желінің заманауи игіліктерін тізбектеп, соңынан оның қоғамға әсеріне тоқталады.

«Əуелі имене, инабатты сөйлеп келген қазағымыз қазір əлеуметтік желі алаңында айылды жиюды ұмытты. Небір өсек-аяң, бəле-жала, қоқан-лоққы, күндеу-мінеу секілді бұрын-соңды етек алмаған ессіздікке баруда. Тіпті, барып-көріп келген кісідей саясаттың да сойылын оңды-солды сілтейтіндер көбейді. Түпкі мəніне бармастан «ойбай, қара қытай қаптайтын болды», «ойбай, Ресейдің қолтығына кіріп алдық», «анау ананың тоқалы, анау мынаудың құдасы, неге тайраңдамасын» деген гу-гу, зу-зу. Шыны керек, əдепсіз, ибасыз, имансыз қылықтар, жаның ауырады» деп жазады бас редактор.

Жазуынша, әлеуметтік желінің салдарынан қазір қазақтың ең бір қастерлі де құндылары құнсыз қалып барады.

«Кейде осы əлеуметтік желі Алла тағаланың қазаққа жіберген сынағы ма дерсің. Қу дүниенің қызық-рахатын көреміз деп жанымызды жанталаса қайда қоярымызды білмей жүргенде, ал арды, ұятты қайда қоямыз, сонда?...» деп жазады бас редактор.
  
Садақада «сандық ашу» - салт па, әлде... - «Атырау» газеті



«Атырау» газеті Қазақстанның әр аймағындағы әрқилы салт-дәстүрге тоқтала келе, алақандай Атыраудың өзінде той-садақада жөн-жоралғының әртүрлі екенін жазады. Автор Жылыой ауданында жаназада болып, сондағы бір жоралғының үстінен түскенін жазыпты.

«Кенет ортаға су жаңа сандық әкелінді де, қақпағы ашылды. Қарасам, іші толы көйлек-көншек, мата, кәжекей, камзол, басқа тартатын шархат, жібек орамалдар...Шынымен түкке түсінбеген мен жанымдағылардан: «Бұл не?» - деп сұрадым. Сөйтсем, бұл жылыойлықтардың өміріне жаңадан ене бастаған «Сандық ашу» атты жаңа салт екен. Бұрын біз ұзатыла келген қыз - жаңа түсіп жатқан келіннің ғана сандығын ашатынын көріп жүрсек, енді о дүниеге аттанып бара жатқан ақжаулықтың артында қалған әйел затына арнаған сандығын ашқанға куә болдық».

Бұл ретте автор бұрындары қазақ тек тойда ғана шашылатын болса, енді «жұрт сөйтіп жатыр ғой» деп садақаны да сәнге айналдырып жібергеніне ашынады. Қаралы үйде «сандық ашудың», мұнша ысырапшылдықтың қажеті не деген сұрақты алға тартады. Айтпақшы ондағы үлкендерден сұраса, олар да мұндай жоралғының соңғы жылдары осындай пайда болғанын айтыпты, тіпті үлкен әжелердің өзі бір-бір сандығын дайындап отырғанын жеткізіпті. Қазалы үйде сандық сатып алып, оның ішін жаңа киімге толтыру қайдан келді екен? «Естімеген елде көп» деген осы да шығар.

Соңғы жаңалықтар