Күн сайын ерлік жасайтын шығысқазақстандық құтқарушылар кәсібінің қыр-сырын бөлісті

None
Фото: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Құтқарушы жұмысының қызығынан қиындығы басым. Бұл қызмет жылдам шешім қабылдауды, қайсарлық пен жанкештілікті талап етеді. Сол үшін мұнда кілең ер адамдар жұмыс істейді. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ҚазАқпарат тілшісі азаматтық қорғау органында тер төгіп жүрген бірнеше шығысқазақстандықты әңгімеге тартып көрді.

Өскемендегі №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ерлік Жағыпаров өз қызметіне жан-тәнімен берілген. Өрт сөндірушілер қатарында жүргеніне 10 жылдан асса да оның қызметке деген құлшынысы артпаса кемімеді.

«Шынын айтқанда, бұл мамандыққа кездейсоқ келдім. Бірақ жұмыс маған бірден ұнады. Қызыл жалынмен күресіп, адамды ажалдан арашалап қалу – ерекше сезім. Әр күніміздің қалай өтетінін еш білмейміз. Ауысымға келе сала дамылсыз жұмыс басталып кетеді. Кейде ауқымды өрт немесе басқа да түрлі оқиғалар болып жатады. Не де болса біз бәріне дайын болуымыз керек» - дейді ол.


Ерлік Жағыпаровтан қызмет барысындағы қызықты оқиғаларды сұрап көрдік. Сол кезде ол газ баллондары тұратын қоймадағы өртті сөндіргенін еске алды.

«Әрине, қорқыныш болды. Оны жасырмаймын. Біз әріптестермен жұмыла әрекет етіп, барлық қиындықты еңсеріп, өртті толықтай сөндірдік. Бұдан бөлек, көпқабатты үйдегі өртті ауыздықтап, сыртқа шыға алмай көмекке шақырған ер адамды құтқарғанымыз есімде. Қою қара түтіннен дем алу мүмкін емес еді. Бірақ соған қарамастан үй иесін шығарып үлгердік», - дейді өрт сөндіруші.

Оның айтуынша, әр өрттен кейін талдау жасалады. Қате жіберген тұстар талқыланып, келесіде оған жол бермеу керектігі айтылады.


«Қарауыл бастығы ретінде жеке құрамды өзім дайындаймын. Жаттығулардан басқа, теорияны да зерделейміз. Жаңадан келген қызметкерлерге жол нұсқап, білгенімді үйретуге тырысамын. Қарауыл – отбасы сияқты болу керек деп бекер айтылмаған. Сол үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіміз қажет. Ал жұмыстан бос уақытымды отбасыма арнаймын. Әйелім де құтқарушылар қатарында, Өскемен қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің диспетчері болып жұмыс істейді. Сондай-ақ спортты жақсы көремін. 2017 жылы өрт сөндіру-құтқару спорт элементтері бар кроссфиттен Қазақстан өрт сөндірушілері арасында бірінші орын иелендім», - дейді Е.Жағыпаров.

Екінші кейіпкеріміз – ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының кинологы Константин Ровняков. Ол 8 жылдан астам уақыт бойы ТЖ қатарында қызмет етіп келеді.

«Меніңше, ит – ең адал дос. Ол ешқашан сатып кетпейді және жарты жолда қалдырмайды. Құтқарушылардың төртаяқты көмекшісі төтенше жағдайларда адамдарға көмекке келуге әркез дайын. Анам да итті қатты жақсы көреді. Бала күнімнен ит ұстап өстім. Мамандық таңдарда жедел-құтқару жасағына қызметке тұруға бел шештім. Бұған еш өкінбеймін. Басында оңай болмағанымен біраз уақыттан кейін осы мамандыққа қалай ғашық болғанымды байқамай да қалдым», - дейді Константин.


Оның айтуынша, қазіргі уақытта жасақта 4 кинолог және 5 ит бар. Кинологтар негізінен қызметке лабрадорды таңдайды. Өйткені ол адамды жақсы көреді және іздеу жұмыстарында өте тиімді. Сонымен қатар неміс және бельгиялық овчарка, бордер-коллимен де жұмыс істейді.

«Итті көшеден емес, иесіз жануарлар паналайтын орындарға барып арнайы таңдап аламыз. Төрт аяқтының генетикасына, қабілетіне мұқият қараймыз. Күшік кезінен мінез-құлқын, оған не әсер етеді және нені жақсы көретінін зерделеуге тырысамыз. Жалпы, бір иттің қызметі 8 жылға созылады. Бірақ егер денсаулығы мен аттестаттау көрсеткіштері одан әрі құтқарушыларға қолғабыс болуына мүмкіндік берсе, онда бұл мерзім ұзартылады. Қызметі аяқталғаннан кейін ит әдетте кинологтың отбасында қалады», - дейді кинолог.



Енді Ұлан ауданы Асубұлақ кентінің № 11 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Қайнар Тишраевпен таныстырып өтсек.

Ол тек көлік жүргізбейді, жалынмен күреседі, өз қарауылымен бірге адамдарды құтқарады.

Бұдан бөлек, оның сүйікті хоббиі – музыка. Аккордеон, домбыра және гитарада ойнағанды жақсы көреді.


«Бала кезімнен музыкаға деген қызығушылығым ерекше. Атам аккордеонда ойнады, ал әжем әуелетіп ән салатын. Жалпы отбасымызда түгел дерлік шығармашылық адамдары. Жұмыстан бос уақытта домбырамен күй шерткенді ұнатамын. Сол кезде мүлде басқа әлемге енгендей боламын. Аккордеондағы сүйікті композициям – «Катюша», ал гитарада «көше» әндерін орындаймын», - дейді Қайнар Тишраев.

Өз сөзінде ол жұмысына да шын берілгенін жеткізді. 18 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп келеді. Сөндірілген өрт саны өте көп.


«Ең қиыны – орман мен дала өрті. 2008 жылы Сандықтас учаскесіндегі дала өртімен күрескеніміз әлі есімде. Алапат өртті ауыздықтауға бар күш-жігерімізді сарп еттік. Сондай-ақ Ешкiөлмес учаскесіндегі өртті де ешқашан ұмытпаймын. 10 күн бойы орманды шарпыған отпен күрестік. Өскеменнен көмекке 10 өрт сөндіру машинасы келді. Әйтеуір дегенде жалынды жеңдік. Осылайша, бірнеше ауыл өрттен аман қалды», - дейді кейіпкеріміз.

Қайрат Тишраевтың әйелі, төрт баласы бар. Үшеуі қыз, біреуі ұл. Қыздарының бірі Сабина әкесі сияқты гитарамен «сырлас».


Соңғы жаңалықтар