Күн сайын 560 метр тереңдіктегі шахтаға түсеміз– кеншімен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде жыл сайын тамыз айының соңғы жексенбісінде Қазақстан кеншілері өздерінің кәсіби мерекесі – Шахтерлер күнін атап өтеді. Мереке тәуелсіз Қазақстанда Кәсіби мерекелер тізбесіне 2003 жылғы қарашада енгізілген болатын. Осынау атаулы күні мерекенің шығу тарихы, қай елдерде атап өтілетіні, сонымен қоса Қазақстандағы кеншілердің жағдайы жөнінде шолу-материал дайындауды жөн санадық. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Жалпы бұл кәсіби мереке тек Қазақстанда ғана емес, бұрынғы КСРО-ның құрамында болған басқа елдерде, атап айтсақ, Украинада, Беларусьте, Эстонияда, Ресейде, Қырғызстанда және Өзбекстанда атап өтіледі.

Мерекенің шығу тарихы

Қазақстанда Кеншілер күні 1948 жылдан бастап тойланып жүр. Бұған КСРО-дағы атақты стахановшылар қозғалысы түрткі болған еді. 1935 жылдың 30 тамызынан 31 тамызына қараған түні шахтер Алексей Стаханов нормадағы 7 тоннаның орнына 102 тонна көмір өндірді. Кейіннен басқа кеншілер 1935 жылдың күзі мен 1936 жылдың басында екі рет рекордты жаңартты. Осыдан бастап Кеңес Одағында кеншілердің кәсіби мерекесін тойлау идеясы туындады. Ресми түрде сол жылдардағы көмір өнеркәсібі министрлерінің ұсынысы бойынша 1947 жылы 10 қыркүйекте тамыз айының соңғы жексенбісінде Шахтер күнін атап өту туралы қаулы шықты. Алғаш рет мереке 1948 жылы 29 тамызда тойланған еді.

Жалпы кеншілер жер астынан бағалы пайдалы қазбаларды өндіретінін білеміз. Ел экономикасында олар маңызды рөл атқарады. Бұл – ұзақ және дайындықты қажет ететін қауіпті кәсіптердің бірі. Тау-кен өнеркәсібі әрбір мемлекет үшін маңызды, әсіресе Қазақстан секілді табиғи қазба байлықтарға бай елде тіптен өзекті. Сондықтан Қазақстанда Кеншілер күні ерекше ілтипатпен тойланады. Десе де, көбінесе кеншінің еңбегі күш-жігеріне, біліміне, жұмыстың қиындығына және қауіп-қатеріне қарамастан, дұрыс бағаланбай жатады. Сондықтан мереке қарсаңында еліміздегі кеншілердің жалпы жағдайын білу мақсатында салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп жүрген жандармен тілдесуді жөн көрдік.


«Үңгуші – шахтадағы ең қауіпті қызметтің бірі»

Қазақстанда кен өндіруші аймақтардың бірі ретінде Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы кен орны айтылады. Ондағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның жұмысшысы Исмагул Бажақановпен әңгімелестік. Ол аталған комбинатта 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әңгіме барысында ол аталған шахтаны сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашқанын жеткізді. Кеншінің айтуынша, осы шахтадағы жұмыс дағдарыс жылдарында да, тіпті қазірдің өзінде халық үшін бірден-бір табыс көзі болып отыр.

«1990 жылдардың соңында елімізде дағдарыс болып, біршама кәсіпорын, өндіріс орындары тоқтап қалған еді ғой. Сол жылдары мен де жұрт секілді біраз қиындықты басымнан өткердім. Негізгі мамандығым - құрылысшы. Құрылыста біраз жыл жұмыс істедім. Алайда жоғарыда айтып өткенімдей, дағдарыс болып, жұмыс орындарының барлығы тоқтады. Ақша жоқ, жұмыс жоқ. Сонда осы тау-кен байыту комбинатының арқасында жанымызды сақтап қалдық. Жұмыс берді. Сөйтіп бүгінде бұл жерде жұмыс істеп жатқаныма 20 жылдан асты»,-деді ол.

Өзінің айтуынша, қазір шахтаның жағдайы ашылған кездегіден әлдеқайда жақсы. «Шахта алғаш ашылған кездегі жағдаймен салыстырсақ, әрине, ілгерілеушілік бар. Бүгінгі таңда әлдеқайда жақсарды десек болады. Соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазіргі таңда ақпараттық технологияның дамуына байланысты барлық сала дамып, өзгеріске ұшырап жатыр ғой. Біз де қалыс қалғанымыз жоқ»,-деді ол ағынан жарылып.

Исмагул қазір бригадир-үңгуші болып жұмыс істейді. Жалпы бұл – шахтадағы ең қауіпті қызметтің бірі. Себебі бірнеше метрге жер астына түсіп қана қоймай, ондағы бұрғылау, қазу секілді жұмыстардың өзі оңай емес.

«Біз күнделікті 500-560 метр тереңдікте орналасқан шахтаға түсеміз. Жұмыстағы ең қауіпті жұмыс – біздікі, яғни үңгушілердікі. Себебі біз жердің астында жүреміз, бұрғылап, қазып, оған қоса қажеттілігіне қарай атып, жарған жерлерімізді бітеуіміз қажет. Ашық қалып кетуіне тағы болмайды. Сонымен бірге бригадир болғандықтан, қол астымда жұмыс істейтін жұмысшылардың қауіпсіздігі, денсаулығына жауаптымын. Сондықтан да бәрін қадағалауға тырысамын. Бір жерде талай жыл жұмыс істегеннен кейін, оның үстіне жұмысымыздың басқа мамандықтармен салыстырғанда қаупі басым болғандықтан, көп жағдайда бір-бірімізді қолдауға, жанымыздан табылуға дайын болып тұрамыз»,- деді маман.

Бұдан бөлек, Исмагул Бажақановтың айтуынша, шахтада жұмыс істейтін барлық маман күнделікті медициналық тексерістен өтеді. Олардың денсаулығы – бірінші орында. «Біз жұмысқа келгенде күн сайын медициналық тексерістен өтеміз. Өйткені жер астындағы ауаның қысымы бөлек. Сол себепті жұмысшылардың қан қысымы міндетті түрде тексеріледі. Оған қоса жалпы денсаулық жағдайына қатты мән беріледі. Ал жылына бір толықтай медаициналық тексерістен өтеміз. Өзіміздің емханамыз бар. Ылғи шуда, шаң-тозаңның ортасында жұмыс істегендіктен, әрине, денсаулыққа оңай емес. Бірақ уақтылы қаралып, денсаулығымызды сақтауға тырысамыз. Одан соң жұмыс орнындағы тамағымыз да тегін. Жалпы жалақымыз да жаман емес, үнемі болмағанмен, айлықтың мөлшері артып отырады. Одан кейін кешігу деген нәрсе жоқ бізде. Жалақымызды ай сайын уақытылы алып отырамыз»,-деді маман.

Бұдан басқа ол өз сөзінде Хромтау қаласында техникалық орта арнаулы оқу орны бар екенін, сол жерде шахтаға қатысты мамандықтың бәрі оқытылатынын атап өтті. «Біздің шахтаның өзінде үш мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал түгел комбинатты алып қарасақ, жеті мыңнан астам жұмысшы бар. Бүкіл Хромтаудың тұрғындары осында қызмет істейді, яғни халықты осы комбинат асырап отыр десек, артық айтқандық емес»,-деп сөзін түйіндеді.


Соңғы жаңалықтар