Күн санап қатары азайып бара жатқан ардагерлер туралы заңды тезірек қабылдасақ игі - Қ. Айтаханов

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Ардагерлер туралы заңды тезірек қабылдасақ игі.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, 2005 жылы енгізілген«Ардагерлер туралы» заң жобасы Парламентте 7 жыл бойы қаралып, өткен жылы Үкіметке қайтарылған болатын. «Бүгінгі таңда күн санап қатары азайып бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны республика бойынша 8061 адамды, ал оларға теңестірілген адамдар саны 230 мың адамды құрайды екен. Бұлардың дені халық арасындағы бірлікті, татулықты сақтауға, тәуелсіздікті нығайтуға өз үлестерін қосып, жастар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізіп келеді, әлі де жүргізе береді. Өйткені өмірлік тәжірибені жас ұрпақ кәдесіне жаратсам деген ниет олардың басты арманы», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, жарқын болашақ үшін қолына қару алып Отан қорғаған соғыс ардагерлерiне, жанқиярлықтың үлгiсiн көрсеткен тыл еңбеккерлерiне құрмет көрсету - біздің басты парызымыз. Оларға қандай құрмет көрсетсек те лайық.

«Сондықтан жас мемлекетіміздің аға буынның қадір-қасиетін ардақтау мақсатында, олардың құқығын қорғайтын және қамқорлық жасауды, әлеуметтік көмектер көрсетуді көздейтін «Ардагерлер туралы» заңның жобасы әзірленсе және тездетіп Парламентке енгізілсе игі», - деді Қ. Айтаханов.

Соңғы жаңалықтар