Күн күрт жылынып кетсе су қоймалардан көп су ағызуға мәжбүр боламыз – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев су тасқынына қарсы арнайы комиссия құрылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық меншіктегі гидротехникалық нысандарды тасқын суды өткізуге дайындау мақсатында министрлік қажетті шараларды қолдануда. Су тасқынына қарсы комиссия құрылды. Гидрологиялық болжамға сүйене отырып, қосымша бос сыйымдылықтарды ұлғайту мақсатында су қоймаларының жұмыс режімінің кестесі түзетілді», - деді министр Үкімет отырысында.

Қазіргі уақытта гидротехникалық нысандардың меншік иелеріне бассейндік инспекциялар тасқын суларды қауіпсіз өткізу және инертті материалдарды, техниканы дайындау үшін қажетті іс-шаралар өткізу туралы ұсыныстарды жіберген.

«Сондай-ақ біз Қауіптілік картасын жасадық. Онда төтенше жағдайдың туындау қаупі неғұрлым жоғары орындар көрсетілген. Мол жауған қардың мөлшерін ескере отырып, ауа температурасы күрт артқан жағдайда біз су қоймаларынан суды едәуір ағызуға мәжбүр боламыз. Осыған байланысты, әкімдіктер төтенше жағдайға жол бермеу жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет», - деді ол.

Министр сонымен қатар кейінгі жылдары гидрометеорологиялық қызметті жабдықтауға елеулі көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Бұл өз кезегінде Қазақстан аумағын гидрометеорологиялық мониторингімен қамтуға, синоптика және гидрология болжамдарының сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, жыл сайын қолданыстағы бақылау бекеттеріне гидрометеорологиялық аспаптар мен жабдықтар сатып алынады. Атқарылып жатқан осындай іс-әрекеттер бұл бағыттағы жұмысты келешекте жаңа деңгейге шығаратыны сөзсіз», - дейді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар