ҚҰМШЫҚ АТА МЕШІТІ

None
None
Құмшық-Ата мешіті - Х-ХІІ ғасырларда салынған жер асты сәулетті ескерткіштердің бірі. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи күмбезінен оңтүстікке қарай бір шақырымға жуық жерде, ашық далада орналасқан.

Сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған. Құмшық-Ата мешіті - екі бөлмелі, ұзынша келген (10-ге метрге жуық) ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Шаршы шикі кірпіштерден қаланған. Түкпірдегі мекен-жай көлемі 2х2 метрге жуық, биіктіктігі 1,6 метр төртбұрыш пішінінде, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген.

Осы бөлмеге тиіп тұрған шеңбер пішініндегі бөлменің, диаметрі 2,5 метр және биіктігі 2 метрге жуық күмбезбен жабылған. Дәлізі иірлі келген, негізгі бөлмелер сияқты күйдірілген кірпіштен қаланған және күмбезбен көмкерілген. Төбенің орта деңгейінен құдық тәріздес, күн шуақтарымен жарықтандыру үшін, диаметрі бір метрдей, дәлізге жарық түсетін ойық жасалған.

Жер асты мешітке апаратын есік қирап қалғандықтан, баспалдақтың сатылары анықталмаған. Мешіт пен дәліздің қабырғасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен өрілген. Бөлмелердің қабырғаларында шырғадан қоюға арналған кішкентай қуыстар жасалған. Бүкіл құрылыстың іші құрылымы сыланбаған. Жер асты мешіті Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әулие Құмшық-Ата атымен байланысты айтылады.

Зерттеулерде Құмшық-Ата мешітін ХІІ ғасырдан бастап халық жиналып, діни уағыздар рәсімі өтетін орын болғанын растайды.

Құмшық-Ата мешітін 1973-1974 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі мен Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының экспедициясы (жетекшісі Т.Н.Сенигова) зерттеген. Ескерткішке 1985 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

2003 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекет қарауына алынған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 5 том.

Соңғы жаңалықтар