Күмісжан Байжан: Қазақ - жылқы мінезді халық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы - ұлт болып ұйысқан еңселі еліміздің тарихының тереңде жатқанын тағы бір айғақтай түскендей. Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысқан қазақтың жылқы дегенде шығар жаны бөлек. «Жүйрік ат - бірде ат, бірде қанат» деп білген Алаш баласының әрбір сөзі мен әрекеті осы жануармен астасып жатқандай. Айтар ойын да қылқұйрықпен байланыстыра безбендейді. Бұндай пікірді Қазақстанның Құрметті журналисі Күмісжан Байжан білдірді.

«Жасыратыны жоқ, жылқы мінезді халықпыз ғой. Олай дейтін себебім, бұл түлік басқа малға қарағанда таза, кірпияз, кінәмшіл, судың тазасын ішетін, шөптің асылын ғана жейтін мал. Ең бастысы, жылқы өзіне басқаның үстемдік етуіне, тапап-талауына, аяққа басуына жол бермейтін еркіндіксүйгіш жануар.

Қазақ табиғатында кіршіксіз тазалықты сүйген, біреуге бас июді, біреуге құл болуды жаратпайтын тіпті біреудің бірауыз сөзін басынан асырмайтын халық. Сондықтан өз еркімен жүрген дала серісі іспетті. Қазақтың жылқыны «есті жануар», «тілсіз адам», «жылқының бір-ақ кемістігі бар, құдай оған тіл бермеген» деуі бекер айтылмаған сияқты. «Ат иесі бір нәрсеге душар боларда, жер тартып кісінейді, байлауға көп тұрмай пысқырады. Жақсы ат иесіне келетін пәлені үш жыл бұрын біледі, білген соң өледі» деуші еді бұрындары әке-шешеміз. Бұл да дала жануарының қасиетін тағы бір аңғартса керек», -  дейді Күмісжан Байжан.

Сондай-ақ, журналист қазақ қоғамында Алпамыстың Шұбары, Ер Тарғының Тарланы,  Ақанның Құлагері сол тұлғалармен бөлінбес, ажырамас бір ортақ ұғымға айналып кеткенін тілге тиек етті.

«Мұның өзі қазақ даласында атбегілік өнердің қандай болғанын байқатып тұрған жоқ па? Жаугершілік замандарда ел мен жерді жаудан қорғаған батырларымыз аттың үстінде жүріп елді қорғағанын қайда қоясыз?!

Иә, аталарымыз баланы жастайынан атқа мінуге дағдыландырып отырған. Бұл сол кездегі өмірдің ең негізгі қажеттілігі еді. Атқа міну, бір жағынан, көңіл күйіңді көтеретін болса, екінші жағынан денсаулыққа пайдалы. Мәселен: жылқының өз биотогы болады. Ол адам денсаулығына жақсы әсер етеді. Сондай-ақ, қан қысымымен, жүйке жүйесімен ауыратын адамдарға көмегі мол» деп жазады қаламгер.

Одан бөлек Күмісжан Байжан атқа мінудің денсаулыққа пайдасы зор екенін айтты: «Қазіргі таңда дәрігерлер көптеген жүйке ауруына да қатысты ем ретінде атқа мінуді қолданып келеді. Сонымен қатар, атқа мінудің баланың денесінің шымыр болып өсуіне әрі бойына батырлық рухын сіңіруде де пайдасы зор».

«Хош, тарихымыз жаңғырмай рухани кемелденуіміз екіұдай.  Сол абыз тарихтың аманатын арқалау әрбір қазақ баласына серт. Ол дегеніміз, ұлттық болмысымызбен біте-қайнасып жатқан дүние. Мұны Елбасымыз аталмыш мақаласында анық көрсеткен. Осындай игі бастамаға қолдау көрсету - жүрегі елім деп соққан әрбір перзенттің парызы екенін ұмытпағанмыз жөн», - дейді сөз соңында ол.

Соңғы жаңалықтар