Құмай кешенінде адам санасына әсер ететін энергетикалық өріс бар - ғалым

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ерейментау ауданындағы Құмай ескерткіш кешені «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде еліміздің киелі жерлері географиясы тізбесіне енгізілуі мүмкін. Бұл туралы аймақ басшысы Мəлік Мырзалиннің ауданға жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерейментау ауданының аумағынан 2009 жылы ашылған Құмай кешені екі мың жылдық тарихы бар ежелгі ескерткіш болып табылады. Қазіргі кезде ескерткіш кешені аумағының картасы жасалып, көптеген құнды деректер табылуда. Мұнда ежелгі заманда өмір сүрген көшпелі түркі тайпалары көсемінің жерленген зираты бар.

Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану орталығының директоры Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, Құмай кешені аумағында адам санасына әсер ететін күшті энергетикалық аймақ та бар көрінеді.

"Қазақтардың ертеде әулиелердің мазарларын жағалап, медет тілеулерінің бір себебі де осында болса керек. Осы аумақта энергетикалық өріс барын тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева да растайды", - дейді орталық директоры.

Осыған орайда, Құмай ескерткіш кешенін еліміздің киелі жерлері географиясы тізбесіне енгізу мəселесі қарастырылуда. Бұл туралы аймақ басшысына  тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева жан-жақты түсіндіріп айтып берді.
«Ланшафтық, археологиялық жəне этнографиялық Кұмай паркін ашу Қазақстан аумағындағы көне жəне орта ғасырлардағы мəдени мұраларды жақын тануға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Айман Досымбаева.

Айта кетейік, Ақмола өңірі тарихи орындар мен ескерткіштерге өте бай. Мәселен, Абылай хан отыз жылдан астам уақыт ордасын тіккен Ханның Қызылағашы, Зеренді ауданы Қазақстан ауылының маңындағы Уәли ханның мазары, Бурабайдағы Кенесары үңгірі - бұлардың бәрі киелі жерлер тізіміне енгізілуге лайықты нысандар екені анық. Сонымен бірге, Еңбекшілдер ауданындағы Біржан сал зираты мемориалдық кешені, Қорғалжын ауданындағы Батығай кесенесі, қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек сұлтанның құрметіне арнап салынған Жәнібек Шалқар мазары, Аршалы ауданындағы ақын, сазгер Иманжүсіп Құтпанұлының есіміне қатысты тарихи орындар, Бұланды ауданындағы Балуан Шолақ зиратының мемориалдық стелласы сияқты жұртшылыққа танымал орындар облыс аумағында аз емес.

Соңғы жаңалықтар