Құмар ойынға тәуелділік: Алматыда лудомания диагнозымен 10 науқас есепте тұр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ринат Мұзафаров Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде ойынға тәуелділіктің алдын алу және оның салдары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшының айтуынша, лудомания диагнозымен 10 адам тіркелген.

Есепке ауруы асқынған адамдар алынды. Орталыққа адам өзі жүгінген жағдайда көмек есепке қойылмай көрсетіледі.

«Егер адам құмарлыққа батпай ойнап жүрген болса, біз оны есепке ала алмаймыз. Есепке ойынға тәуелді жандар алынады. Барлық көмекті көрсету үшін бізде инфрақұрылым да, мамандар да бар. Алайда, адамдар осы бағытта көмек алу үшін мемлекеттік ұйымдарға жүгіне бермейді», - деді спикер.

Спикердің сөзінше, тәуелділік химиялық және химиялық емес болып екіге бөлінеді.

Егер біріншісіне алкоголизм, нашақорлық пен токсикомания кірсе, екінші санатқа лудомания жатады.

«Лудомания диагнозын қою оңай болғанымен, оны емдеу өте қиын. Мұның бәрі адамның ойынға қанша уақыт бөлгеніне байланысты. Әдетте, адамның өзі бастапқыда тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Құмар ойындарға бейімділік бастапқыда жеңіл жолмен пайда табу ниетінде басталып, одан эмоционалды байланып, кейін толығымен тәуелді болып қалады. Көп жағдайда, құмар ойын ойнайтын адам қоғамнан алыстап кетпейінше, туыстары да, достары да қатты дабыл қаға қоймайды», - дейді маман.

Ол лудомандардың отбасы мен жақындарын қарызға белшесінен батыратынын айтты.

«Тәуелділікті оқшаулау арқылы емдеу керек. Жалғыз айырмашылығы, бұл жағдайда нашақорлықпен ауыратын науқастар сияқты химиялық детоксикация қажет емес. Мұнда психо-әлеуметтік оңалту жүргізу қажет. Ең бастысы, адам тәуелділіксіз өмір сүруді үйренуі керек. Яғни, тәуелділіктің орнына ол ары қарай өз өміріне бейімдейтін басқа да жағдайларды ұсыну керек», - деп қорытындылады Р. Мұзафаров.

Соңғы жаңалықтар