Құмар Ақсақалов жоғары лигаға шыққан футбол командасын марапаттады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда футболдан ҚР бірінші лига жеңімпаздары - «Қызыл-жар СҚ» командасы салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жеңімпаздарға алтын медальді өңір басшысы Құмар Ақсақалов, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Сейілда Байшақов және СҚО Құрметті азаматы Александр Липовой табыс етті.

СҚО әкімі аяқдоп шеберлерін, жаттықтырушыларды және олардың жанкүйерлерін жеңіспен құттықтап, болашаққа мінеттер жүктеді.

«Бұл – біздің өңірде футболды дамытып, қалыптастырудың тек алғашқы қадамы. Жоғары лигаға шығу бір бөлек те, онда жақсы нәтиже көрсетіп ойнау – бұл шеберлікті қажет етеді. Ол жерде біздің команда ел үздіктерімен ойнайды. Жармасып, мүмкіндікті қалт жібермеу қажет. Жанкүйерлеріңіз сіздерге зор үміт артып отыр, ақтаңыздар, жерге қаратпаңыздар», - деді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының пікірінше, жергілікті клубтың жетістігі балалар футболының даму деңгейіне тікелей тәуелді.

«Балалар мен жасөспірімдер футболы жақсы жолға қойылмайынша спорттың бұл түрін дамыту өте қиын. Біз барлық аудан орталықтарында жасанды төсемесі бар футбол алаңдарын ашамыз. Қазір үш ауданда осындай алаң бар. Келесі жылы Саумалкөлде саламыз. Алдағы 2-3 жылда бұл жұмысты бітіреміз. Бұл бізге дәстүрлі түрде облыстық чемпионатты өткізіп тұруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ спорт колледжінде арнайы мамандық ашамыз», - деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар