Құмар Ақсақалов дәрігерлерге үй салып бермек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласында дәрігерлер үшін бөлек тұрғын-үй салып беруді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәл қазір біз ақша іздеп жатырмыз. Петропавлдың қақ ортасында салынады деген жоспар бар. Бүгінде бізде кәсіби дәрігерлер тапшы. Ал оларды жұмысқа шақыру үшін тұратын жерін дайындап қою қажет. Сондықтан медицина мамандарына бөлек бір үйді салатын шығармыз. Нақты қанша орын болатыны әзірше белгісіз. Ақша тапқаннан кейін айта аламыз», - деді Қ.Ақсақалов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Әкімнің айтуынша, Солтүстік Қазақстанда 280-ге жуық медицина мамандары жетіспей жатыр. Олардың тең жартысы Петропавл қаласына қажет. «Сосын біз көпбейінді аурухананы салу мәселесін пысықтап жатырмыз. Ол жерде барлық мамандар отырады. Әйтпесе, бір ауруханада арнайы маман болса, екіншісінде болмай жатады. Содан халық ары-бері шапқылап жүреді. Ал жаңа ауруханада медициналық тексерістің толық кешені болады. Соның арқасында дәрігерлер науқасты жан-жақты зерттеп, нақты диагноз қоя алады», - деп атап көрсетті Қ.Ақсақалов.

Айта кетейік, бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қ.Ақсақалов рухани жаңғыру шаралары бойынша есеп берді.  Сондай-ақ, облыс басшысы парамен ұсталған басқарма басшысына қатысты пікір білдірді.  Әкім оңтүстіктен көшіп келетін жастарға үй салып беруге дайын екенін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар