Құлсары қаласында спорт кешені бар 3 мың орындық стадион ашылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Құлсары қаласында спорт кешені бар 3 мың орындық стадион ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған Жылыой ауданының орталығы – Құлсарыға 2001 жылы аудандық маңыздағы моноқала мәртебесі берілген. Сол жылдан бері Құлсары қалалық әкімдігі жұмыс істейді.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың мәліметіне сүйенсек, ауданда 6 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 2500-ге жуық бала спорт түрлерімен шұғылданады.

«Енді міне, Құлсары қаласында жаңа спорт кешені бар стадион ашылды. Бұл стадионның құрылысы 2020 жылы басталған. Бұл – аумағы 4,7 мың шаршы метр болатын толықтай жабдықталған спорт кешені. Стадионның сыйымдылығы 3 мың адамға есептелген. Оған қосымша салынған спорт кешенінде қысқы маусымда матчтар мен ойындар өткізуге арналған жабық стадион мен бассейн бар», -дейді Жұмабек Қаражанов.

Спорт кешенінде тренажер залдары арнайы спорттық құралдармен жабдықталған. Мұнда жыл бойы бірнеше спорт түрінен сабақ өткізуге мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде бір мезгілде 250 адам спортпен шұғылдана алады.

«Құлсары қаласында жаңа стадион арқылы бұқаралық спортты дамытуға жол ашылып отыр. Енді біздің ауданымыздан да әлем, Азия чемпиондары шығатынына сенеміз», -дейді таэквондодан Қазақстанның спорт шебері Нұраддин Жолдасов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 900 оқушыға арналған өзгеше мектептің құрылысы басталғанын хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар