Күлпаш Өтемісова істі қарау кезінде өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Алмалы аудандық сотында судья Күлпаш Өтемісованың ісі қаралуда. Істі қарап жатқан аталған соттың судьясы Шыныбекова Гүлшахар.

Сот отырысы барысында айыпталушы Күлпаш Өтемісова істі қарау кезінде өзіне қысым көрсетілді деп мәлімдеді. Ол өзіне қарсы ұйымдастырылған шабуылдың біреудің тапсырмасымен орындалғанын, әрі оның телефон әңгімелері тыңдалғанын да жасырмады. Оның айтуынша, оған Алматы қалалық сотының төрағасы Таймерденов пен аппеляциялық сот коллегиясының төрағасы Лұкмат Мерекенов қысым көрсеткен. Аталған тұлғалар алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды талап еткен. Айыпталушының қорғаушылары оның әрекетін заңға еш қайшы еместігін айтып бағуда. «Шартты жаза кесу ешқашан заңға қайшы болмаған. Қандай шешім шығарса да, судьяның өз еркі. Істі қарай отырып судья Өтемісова орын алған қылмыс барысында Александр Сутягинскийдің өз пайдасын ойламаған деп тұжырымдады. Сонымен қатар, ол мүлде жазадан босатқан жоқ. Ол жапа шегуші Гаркушкиннің дін-аман екендігін, бірқатар сот үкімін жұмсартатын факторларды ескерді», - деді Өтемісованың қорғаушысы Владимир Попов. «Сол уақытта маған жүздеген томнан тұратын істі қарау туралы тапсырма берілді. Әсіресе, бұл істі қарап шешім шығару өте қиынға соқты», - деді сот барысында айыпталушы Өтемісова. Істі қарау наурыздың 28-іне қалдырылды. Қазіргі уақытта қамауда отырған судья Күлпаш Өтемісова ҚР ҚК 350-бабының 2-тармағы бойынша (көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін шығару) айыпталып отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы 28 наурызда алматылық кәсіпкер А. Сутягинский қаруды заңсыз сақтап, адам өлтіруді ұйымдастырғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2013 жылдың 12 тамызында айыпталушының жазасы 6 жыл шартты түрге жұмсартылған болатын. Осы істе апелляциялық соттың судьясы ретінде Күлпаш Өтемісова төрелік еткен. Кейіннен кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның шартты мерзім туралы қаулысының күшін жойып, бастапқы үкімді қалпына келтірді. Көп ұзамай 2013 жылы 6 қыркүйекте істі жүргізген Өтемісова ұсталған еді. Ендігі кезекте судья Күлпаш Өтемісова көрінеу әділетсіз сот үкімін шығарғаны үшін айыпталып отыр.

Соңғы жаңалықтар