Кулинар рөлінде - Президент Іс Басқармасының аспаздары балаларға шеберлік сағатын өткізді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада ҚР Президенті Іс Басқармасының кулинарлары мен аспаздары қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына барды. Олар орталықтың 60 тәрбиеленушісіне мерекелік дастархан жайып, байқау мен шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Іс басқармасының білікті кондитерлері мен аспаздары балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне өз ісінің қыр-сыры және рецептілері жайлы айтты.

Мәселен, Светлана Баужанованың 25 жылдық еңбек өтілі бар, оның ішінде жеті жыл Президент Іс Басқармасының №3 асханасында аспаз-бригадир болып жұмыс істейді.

«Біз бүгін балалармен үгілмелі қамырдан кекстер мен печенье дайындадық. Балалар өте риза және асқан қызығушылық танытты. Балалар өте мейірімді, бүгін жаңа нәрсе үйренгісі келетіндерін, не істей алатындарын көрсетті. Балалар кез келген жаста тамақ әзірлеуге көмектесе алады, ең бастысы – оларды қызықтыру қажет. Бала кезінен қызығушылықтарын арттырсақ, кондитер немесе жақсы аспаз болып өседі. Мұны мысалмен көрсету керек. Балалар бүгін кез келген жұмысты оңай орындады», - дейді аспаз.

«Шеберлік сағаты біз үшін өткізіліп жатыр және бұл маған ұнайды. Мен бұндай печеньені бірінші рет жасап тұрмын», - дейді орталықтың тәрбиеленушісі Максим.

Балалар қуанышын жасыра алмай ПІБ аспаздарынан өздеріне тағы да қонаққа келуін сұрады.

Шеберлік сағатында балалар өз қолымен кекс, печенье әзірлеп көрді. Ал дастархан басына жайғасқанда өздері әзірлеген астан дәм татты.

Балаларды қолдау орталығының директоры Бибігүл Такисова балаға ата-анасыз оңай соқпайтынын, сондықтан бұндай шаралар оларға зор қуаныш сылайтынын атап өтті.

Астанада қиын жағдайға тап болған балаларды қолдайтын жалғыз орталық бар. Бұл мекеме 2019 жылы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен балалар үйін біріктіру жолымен құрылған.

Қазір мұнда жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоса алғанда 60 бала тәрбиеленіп жатыр.

«Біздің орталықта балалар тұрақты және уақытша топтарға бөлінеді. Әзірге 28 бала осы орталықты тұрақты мекендейді, яғни олардың ата-анасының құқығы шектеулі немесе мүлдем ата-ана құқығынан айырылған. Ал уақытша топта 32 бала бар, олар – қараусыз қалған немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар. Олардың тағдыры шешіліп жатқанда біздің орталықта болады. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Мемлекет балаларды толық қамтамасыз етеді. Бес реттік тамақ, барлық нормалар бойынша киім беріледі», - дейді орталық директоры Бибігүл Такисова.

ҚР Президенті Іс Басқармасы бұл шараны Президентіміз 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялануына орай өткізіп отыр.

«Мәселен жазда мүгедектігі бар балаларды Бурабайдағы емдеу-сауықтыру орталығына алып бардық және «Алжир» мемориалды кешеніне шақырдық. Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға материалдық-әлеуметтік көмек көрсеттік. Бүгін Астанадағы балаларды қолдау орталығына келіп, арнайы сыйлықтарымызды табыстаймыз, аспаздарымыз шеберлік сағатын өткізіп, мерекелік дастархан жаяды. Әлі де жыл соңына дейін балаларға қатысты бірнеше шара жоспарлап отырмыз», - деді ҚР Президентінің Іс Басқармасы ұйымдастыру-бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Гүлнар Чикинаева тілшілерге берген сұхбатында.


«Бізге волонтерлер мен тәлімгерлер жиі келеді. Еріктілер балалармен сабақ өткізіп, кинотеатрларға, концерттерге апарады. Балалар әрдайым қонақтарды асыға күтеді және қонақтармен бірте-бірте дос болып кетеді», - деді Б.Такисова.


Соңғы жаңалықтар