Күлекбаевтың ісі бойынша 40 сот-медициналық сараптама жүргізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Руслан Күлекбаевтың ісі бойынша 40 сот-медициналық сараптама жүргізілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Әділет министрлігі Сот медицинасы орталығы директорының орынбасары Руслан Сатыбалдиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сот медицинасы орталығында сараптама санының күрт артуы 5 маусымда Ақтөбеде және Алматыда орын алған соңғы оқиғалармен байланысты. Осы екі резонансты істерге қатысты өте көп сараптама жүргізілген. Ақтөбе ісі бойынша 240-тан астам сот-медициналық сараптама жүргізілсе, Алматыдағы Күлекбаев ісі бойынша 40 сот-медициналық сараптамасы өткізілді», - деп атап өтті орталық өкілі.

Еске сала кетсек, бұрын Сот медицинасы орталығы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қарамағында болған, бірақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚР Әділет министрлігіне берілді.

Жалпы орталықта 2016 жылдың 9 айында 145 686 сараптама өткізілген. Сараптамалардың үлесінде әскери полиция мен ҚР ҰҚК органдарының өткізетін сараптамасы ұлғайған. Бұл өз кезегінде елде орын алған ірі оқиғаларға байланысты болып отыр, деп хабарлайды Әділет министрлігі.

Бұның алдында хабарлағанымыздай, Алматыда 10 адамды өлтіріп, қанды қырғын жасаған Руслан Күлекбаев 2 қарашада өлім жазасына кесілді. Дегенмен біздің елде өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан, Күлекбаев өз жазасын түрмеде күтетін болады. 

Соңғы жаңалықтар