Күләш Байсейітова күйші Динамен өте жақсы қарым-қатынаста болған - Айтқали Жайымов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі XXVI концерттік маусым шымылдығын күміс көмей әншісі Күләш Байсейітованың 110 жылдық мерейтойына арналған «Бұлбұл» атты концертімен ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

24 жасында КСРО халық әртісі атанған Күләш Байсейітованың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Қазақ операсының негізін салушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті опера әншісі, драма актрисасы, қоғам қайраткері Күләш Байсейітованың орны тарихта алтын әріппен сақталды.

Бұлбұл әнші бала кезінен халық әндерін тамаша орындауымен, бойындағы әртістік шеберлігімен көзге түсе бастаған. Қысқа ғана ғұмырында «Қазақтың бұлбұлы» атанған талантты әнші - ел аузында қалған аңыз тұлғалардың бірі. Ол қазақстандық және шетелдік операда сан-қырлы образдарды сомдады, оның ішінде Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Жібектің, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында Ажар бейнесін, Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин», Джакома Пуччиндің «Чио-Чио сан» операларында басты рөлдерді ойнады. Осы рөлдер арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Бұлбұл» концерті қарсаныңда Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов пікірін білдірді.

«Күләш апа еліміздің атын асқақтатқан, халық мақтанышына айналған, қайталанбас дауыс иесі. Бұлбұл әнші 1936 жылы қазақ мәдениетінің он күндігін өткізу үшін еліміздің өнерпаздарымен бірге Мәскеуге аттанады. Оның орындаушылық шеберлігі өте жоғары бағаланып, көптің қошеметіне бөленген болатын. Концертімізді «Бұлбұл» деп атауымыз бекер емес, себебі әсем үнді Күләш апамыз қалың жұртшылыққа «Бұлбұл» есімімен таңылған еді. Кейінгі ұрпақ талантты өнер иесі есімін ешқашан ұмытпайды деп сенеміз.

Күләш апаның репертуары өте кең және бай. Бір концерт бағдарламасында барлық репертуарды орындау мүмкін емес. Күләш апамыз күй анасы Дина шешеймен өте жақсы қарым-қатынаста болған, сол себептен Динаның «Әсем қоңыр» күйін енгізіп отырмыз. Жамбыл атаның «Күләшқа» әні, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Гәкку», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұл», Мұқан Төлебаветың «Біржан мен Сара» операларынан айтыс, «Абай» операсынан Ажар ариясы, «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесі» орындалады.

Сондай-ақ, Күләш Байсейітова Құрманғазы оркестрімен тығыз байланыста еді. Олар алғашқы гастрольдік сапарларға бірге барған. Соны ескере отырып, Құрманғазы бабамыздың «Сарыарқа» күйімен концертімізді аяқтаймыз», деп атап өтті Айтқали Жайымов.

Концертте Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері: Арайлым Рахымқызы, Светлана Айтбаева, Сүндет Байғожин, Бибігүл Жанұзақ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Феруза Рахметова, Әйгерім Аманжолова, Әйгерім Ораз, Талғат Аллабиринов, Ботагөз Тәшімова өнер көрсетті.

Қазақ оркестрінің бас дирижері – Айтқали Жайымов. Дирижер – мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.



Соңғы жаңалықтар