Құландарды еліміздің басқа өңірлеріне жерсіндіру керек - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құландарды еліміздің басқа өңірлеріне де жерсіндіру керек. Бұл туралы бүгін Сенаттағы «Қазақстандағы биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» атты Үкімет сағатында сенатор Мұхтар Құл-Мұхамед айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 5 мыңға жуық құлан бар және ерекше қорғауға алынғандықтан жылдам көбейіп, алдағы уақытта 10 мың басқа жетуі мүмкін. Жалпы құландардың басым бөлігі «Алтынемел» ұлттық табиғи паркі аумағында тіршілік етеді және күрт көбейіп кетуіне байланысты алдағы уақытта жайылымдық жерден таршылық көруі ықтимал. Сондықтан оларды Қазақстанның баса да өңірлеріне жерсіндіру керек.

«Торғай даласына, Тарбағатай тауына жіберу керек деп есептейміз. Қазір баяндамада Қостанай облысына 9 бас құлан жіберілді деген сөз айтылды. 5 мыңнан астам құланы бар елге жылқы тектес үйірімен жүретін жануарды 8-9-дан емес 100-деп жберу керек. Сонда ғана олар өздерін жыртқыш аңдардан қорғай алады», - деді Мұхтар Құл-Мұхамед.

Осы мәселеге байланысты түсініктеме берген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев соңғы 30-40 жылғы тәжірибені пайдалана отырып, құландарды еліміздің басқа өңірлеріне жерсіндірумен айналысатын орталық ашылғанын атап өтті.

«Бүгінгі күні Жамбыл облысына 40 бас, Қостанай облысына 9 бас құланды көшірдік десек, сол көшірудің өзі үлкен қиямет. Себебі, әр малға арнайы контейнер жасау қажет, ал ол қаражатқа келіп тіреледі. Қазір орталық құрып, оның жоспарын түзіп, жұмысты ең алдымен осы құланнан бастап отырмыз. Өйткені, «Алтынемелдегі» құланның жағдайы қиындау. Себебі ол жерде 3,5 мың бас бар. Дәл сондай бас қарақұйрық бар. Бүгінде екеуінің арасында жем-шөпке таластық бар. Сондықтан Іле-Балқаш резерватын құрдық», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар